Ертіс өзенінен 1,5 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды

Ертіс өзенінің арнасы тазартылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Судағы қоқыстың басым бөлігі – браконьерлер қалдырып кететін ау құралдары. Аймақтық инспекция мамандары бастаған ауқымды экологиялық акцияға мемлекеттік қызметшілер мен құтқарушылар да атсалысып жатыр. Бірлескен топ өзеннен 1 жарым тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарды.

Қазір уылдырық шашу кезеңі. Бұл кезде балық аулауға қатаң тыйым салынған. Десе де, ережеге бағынбайтындар көп. Инспекторлар өзенде бос жатқан ауларды іздеп тауып, тәркіледі. Мұндай аумен бір салғанда 10 келідей балық ұстауға болады.

Инспекторлар бірнеше күннің ішінде рұқсат етілмеген құралдардың 50-ден астам данасын тапқан. Аулардың жалпы ұзындығы – екі шақырым. Тәжірибелі балық инспекторы Василий Павлов браконьерлердің ізін бірден байқайды. Соңғы жылдары әуесқой балықшылар қытайлық ауларды адам көзіне көрінбейтіндей тығып қояды.

Василий Павлов, табиғатты қорғау инспекторы:

- Браконьерлер жыл сайын біліктіліктерін арттырып отырады. Түнгі уақытта суға келіп, ауларын қойып кетеді. Таң ата балықтарды жинап алып, ізін суытады. Қолымызға түспеуі де мүмкін.

Осы кезеңде балықты заңсыз аулаудың 40-тан астам дерегі тіркелген. Браконьерлерден төрт қайық, түрлі құралдар мен 200 келіге жуық балық тәркіленген. Табиғатқа келтірілген шығын 200 мың теңгеден асады.

Нұржан Қазтай, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейн инспекциясы директорының орынбасары:

- Биыл шынында да заңды бұзушылар азайып жатыр. Оны айту керек. Қазіргі Павлодар облысының тұрғындары, қаланың тұрғындары заңбұзушылықты бұзбауға тырысады.

Инспекторлар аулардан бөлек тұрмыстық қоқыстарды тонналап жинайды. Өкінішке қарай, тұрғындардың табиғатқа жанашырлығы төмендеп барады дейді олар.

Самал Темірболатова, облыстық балық инспекциясы бөлімінің басшысы:

- 2020 жылдың нәтижесі бойынша 11 тоннадан аса қоқыс жиналды. Осы маусымда жергілікті органдардың қызметкерлерімен қоса және құтқарушы қызметшілермен бірлесіп, 1,5 тоннадан аса қоқыс жиналды. Және айдандырдан 15 аулар шығарылды.

Экологиялық акция мамыр айының соңына дейін жалғасады. Мамандар өзен арнасын күнбе күн жинап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастырмақ.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов