Бәйдібек ауданында интернеті жоқ ауыл көп

Түркістан облысындағы Жаңаталап ауылының мұғалімдері электронды күнделікке баға қою үшін биік төбе іздейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбірі аудан орталығына барып жұмысын бітіреді. Себебі елді мекенде интернет әлсіз немесе мүлдем жоқ. Жалпы Бәйдібек ауданында ғаламтор жетпеген ауыл көп.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Ауылда байланыс станциясы орнатылған. Бірақ істемейді. Тұрғындар да, мектеп мұғалімдері де интернеттің игілігін көре алмай отыр. Ғаламторға мектептегі информатика кабинетінде ғана кіруге болады. Бірақ оның да жылдамдығы мардымсыз. Мәселен мына мұғалімдер 2-3 сағаттан бері Kundelik.kz-ке кіре алмай отырғандарын айтады. Информатика кабинеті әлдеқашан мұғалімдер бөлмесіне айналған.

Динара Шабылова, мұғалім:

- Интернет «Н+» ұстамайды. Видео, суреттер ашылмайды. Тек мына WhatsApp-пен жазған жазу барады. Барғанда да 2 сағаттан кейін барады.

Қайсар Өсербаев, тарих пәнінің мұғалімі:

- Күнделікті сабақ дәстүрлі, сабақты мектепте өтеміз. Бірақ енді Kundelik.kz-ке баға қоя алмаймыз. Оны қою үшін төбеге шығасыз. Күнделікті бағаны қоя алмай жатырмыз. Сабақты мектепте өтіп, бағаны төбеден қоямыз.

Байдібек ауданында интернеті жоқ бірнеше елді мекен бар. Жергілікті белсендісі Бақытжан Жұмаділдә интернет мәселесін бойынша Нұр-Сұлтан қаласына дейін барыпты. Алайда жауаптылардың жылда «биыл қосамыз» деген жалған уәдесінен әбден шаршаған.

Бақытжан Жұмаділдә, ауыл тұрғыны:

- Былтыр қойылды мынау станция, бірақ аяқсыз қалды. Инспекцияның жауап хатында базалық станция жоқ дейді. Ксеll базалық станция 2G көрсетіп тұр дейді. Екеуінің жауаптары сәйкес келмейді.

Екі ортада сандалған мұғалімдердің пұшайман хәлін аудандық білім бөлімінің басшылары да жақсы біледі. Алайда «жауапты байланыс операторына қанша айтылғанымен, нәтиже жоқ», дейді.

Ақбала Құлымбет, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

- Шынында да бізде интернет мәселесі қиын. Ол жаққа оптикалық талшықты линия бармаған. Тек қана спутниктік желі бар. Ол ауа райының қолайсыздығына байланысты айнып кете береді. Күн бұлтты болса да, жаңбыр жауса да, жел тұрса да, айнып кете береді. Ол аймақты «Транстелеком» компаниясы алған. Біз сол компанияға қайта-қайта «интернетті жоғарылатып беріңіздер» деп көмек сұрап, хат жазамыз. Басқа ештеңе қолымыздан келмейді.

Ауылда интернет қолжетімді болмайынша, мұғалімдерге тыным жоқ. Шыдамы таусылғандар мен төбе басына шығуға денсаулығы жарамайтындар интернетке кіріп, «Электронды күнделікті» толтыру үшін күнде ауылдан 30 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына баруға мәжбүр. Бірақ екі ортадағы шұрық-тесік жолдың азабы да әбден діңкелеткен. 5 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген жолдың сыйқы осы.

Жанатбек Кенжеалиев, ауыл тұрғыны:

- Жол сапалы салынса, 4-5 жылда құрымайды. Бұл кішкентай ауыл техника көп жүрмейді. Сапасының жоқтығынан, жөндеп төсемегендіктен осылай құрыған. Енді біздің бар өтінішіміз мына ортадағы айналдырған 12 шақырым жолды жөндеп берсе.

Түркістан облысында 919 мектеп бар. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы мамандарының айтуынша, олардың барлығы интернет желісіне қосылған. «Бірақ бар мәселе оның сапасында», дейді. Сондықтан қазір өңірдегі шалғай ауылдарда орналасқан 190 мектеп секундына 8 мегабайттан аспайтын ғаламтор желісіне қосылып, ілекерлеп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы