Шығысқазақстандық шаруалар субсидия мәселесін көтерді

Субсидия жердің шалғайлығына байланысты есептеліп, бөлінуі керек. Шығысқазақстандық фермерлердің Үкіметке осындай өтініші бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі жер алыс болған соң шығын да көбейеді. Әсіресе, Өскеменнен 400 шақырым жердегі Қатонқарағай ауданында бұл мәселе өзекті болып тұр.

Нұрлыбек Қараталов Қатонқарағайда ірі шаруа қожалығын басқарады. Мал өсіреді, егін егеді. Алайда алған өнімі аудан ішіне су тегінге кетіп жатыр.

Шағын шаруашылықтар осы бағаны місе тұтып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Ал ірілері шамалары жеткенше Өскемен мен іргедегі Алтай қаласына тасымалдайды. Осылайша тауар жеткізумен айналысатын жүк көліктерінің дәурені жүріп тұр. Олар қай бағаны айтады, шаруалар соны төлеуге мәжбүр. Ал облыс орталығына жақын шаруашылықтар мұндай қолайсыздықты сезінбейді.

Нұрлыбек Қараталов, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Қалалар оларға жақын, сүт апарсаң да такси жүргізушілері, сатушылар арзаннан алады. Бір бензовоз әкелуі үшін 80 мың беру керек, Октбярск поселкісі бар, сол нефтебазадан аламыз, 88 мың, он куб жанармай әкелу үшін.

Осылайша жиған-тергеніміздің оннан бір бөлігі көлік тасымалына кетеді дейді кәсіпкерлер. Сондықтан талай жылдан бері субсидияны жер шалғайлығына байланысты аумақ-аумаққа бөліп қарастыруды ұсынып келе жатыр. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.

Бердібек Ережепов, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Біз осы мәселені баяғыдан көтеріп келеміз, Президентке де жазғанбыз. Сенат депутаттары келген, оларға шағым жазғанбыз, әлі нәтиже жоқ.

Өңірдегі ірі өңдеушілер де Қатонқарағай, Үржар, Күршім, Көкпекті сынды алыстағы ауыл-аймақтан табиғи өнім қабылдауға дайын. Мәселен, екі ірі сүт өңдеу өнеркәсібі әзірге 85 процент қуаттылықпен жұмыс істеп тұр. Бірақ болашақта олардан сұраныс артуы әбден мүмкін.

Владимир Гайламазян, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Олар өндіріс көлемін арттырып жатыр. Екі-үш жылдан соң қуаттылығы 2 есе өсуі ықтимал. Сол кезде осы шалғайдағы елді мекен өнімдеріне мұқтаждықты байқайтын боламыз. Сондықтан ол уақытқа дейін бұл мәселені бір жақты етіп шешкен дұрыс. Тіпті логистика бойынша бөлек субсидия бөлуді қарастырған жөн болар деген ойымыз бар.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, өңір ішіндегі логистикаға арналған субсидия жоқ, тек экспорттау шығыны ғана өтеледі.

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры:

– Агроөнеркәсіп кешенінде ондай субсидия қарастырылмаған. Жалпы ауылшаруашылық өнімдерін, оның ішінде қайта өңделген өнімді экспорттау кезінде транспорттық шығындарды субсидиялау бойынша норма бар. Яғни кез келген тауар өндіруші өзінің өнімін экспорттау кезінде жұмсалған шығындар, соның ішінде логистикалық компаниялар қызметін қолданған кездегі шығындарын ескере отырып, тиісті өтінімдерді тапсыруға мүмкіншілігі бар.

Жалпы мамандардың сөзінше, бұл демеу қаржы кімге қанша керек деп таратыла салмайды. Кәсіпкерлік кодексіне сай, нормативтік тәртіппен бөлінеді. Дегенмен субсидияны аумақтарға бөлек есептеу бойынша министрлік белгілі бір шешімге келген жоқ. Әзірге бұл сұрақ тек қарастырылып жатыр.

Эльмира Ахметова, Айгерім Бәбіш, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...