«Жусан» операциясы: адасқандар жол таба бастады

Қарағанды облысының түзету мекемелерінде «Жусан» операциясы аясында елге жеткізілген 9 адам өз жазасын өтеп жатыр.

Оның үшеуі – әйел. Бүгінде облыстың дін істері басқармасы радикалды жат ағым жетегінде кеткендерді жөнге салу үшін кешенді жұмыстарды бастаған.

25 жастағы Николай Лазаренко бір кезде Сәтбаев қаласында алаңсыз жүрген бозбала болатын. Кейін ғаламтор беттерінен теріс ағымдарды санасына сіңірген ол Сириядан бірақ шыққанын біледі. Террористiк топтың актiлерiне қатысып, 3 жылын Шам елінде, 2 жылын Қарабастағы түрмеде өткізді. Енді 6 жылдан кейін бостандыққа шығады.

Николай Лазаренко, жазасын өтеуші:

– Көбіне ғаламтор беттерінен «мұсылмандарға қысым көрсетіп жатыр» деген желеумен шыққан видеоларды көріп алып, эмоция үстінде жүрдік. Кейін бір сәтте бәрін тастап кетіп қалдым. Сирияда бәрі жалған екенін, онда мұнай мен ақша үшін ғана ұрыс жүріп жатқанына көзім жетті. Артқа қайтар жол болған жоқ. Тек 2019 жылы «Жусан» операциясы арқылы елге жеткізілдім.

Наным-сенімі түбегейлі өзгеріп, құндылықтарын жоғалтқан адамды қалыпқа келтіру ұзақ уақыт жұмысты қажет етеді. Осы мақсатта «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы құрылған. Мамандары қазір 20-ға жуық тура жолдан адасқан адаммен тұрақты жұмыс жүргізу үстінде.

Сұлтан Аманжолов, «Ақниет» орталығының теологі:

– Қарағанды облысында 5 түзету мекемесі болса, қазір 20-сотталушымен жұмыс істеп жатырмын. Қазіргі мекемеде Сириядан «Жусан» операциясы арқылы келген 5 адаммен жұмыс жүріп жатыр. Олардың ішінде өзіміздің дәстүрлі дінді қабылдаған, және әлі оңалту үстіндегі азаматтар да бар.

Қазір Қарағанды облысының дін істері басқармасының тарапынан теріс ағым жетегінде кеткендерге діни бағыттан өзге психологиялық тұрғыда да көмек көрсетіледі. Нәтижесінде бүгінгі күні ондаған адам қайтадан дәстүрлі дін жолына түскен.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков