СҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбандарының электронды мәліметтер базасы дайындалуда

Онда өңір бойынша әзірге 7700-ден астам ақталған адамның тізімі жасақталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен сол кездегі солақай саясаттың кесірінен жазықсыздан халық жауы деп нақақтан жала жабылғандар әлі де бар көрінеді.

1937 жыл. Болат Сағындықов небәрі бір жаста еді. Сол жылдың күзінде оның әкесі қарапайым колхозшы болған Мағаз Сағындықов халық жауы атанады. Содан бастап азамат зарлы заманның зардабын тартады. Зар жылап қалған отбасының көрмеген зорлық-зомбылығы жоқ. Бар дүние–мүлкі тәркіленіп, 9-ға келгенде жұмысқа шығады.

Болат Сағындықов, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Екі кештің арасында қара қарға деген көлікпен келіп ұстайды. Мен үйде айналып жорғалап кетсем керек. Атымды айтып, «Болат, Болат» деп бір иіскеп кетейін деген екен. Оған бермей, көлікке мінгізіп алып кетеді. Сол кеткеннен жоқ. Аяғында халық жауы деген атақты беріп, әуелі ату жазасына бұйырады. Сосын 10 жылға сотталған екен, оны бізге ресми хабарлаған жоқ.

Әкеден ерте айырылған азамат еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін репрессия кезінде қаза болғандарға арнап мемориал тұрғызуды қолға алады. Тек 2012 жылы НКВД түрмесі орналасқан жерде ескерткіш ашады.

Болат Сағындықов, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Осыған 17 жыл өмірімді сарп еттім. Мен оны құндамаймын. Менің жасаған жақсылығым. Сауабы тиер. Мұның ішінде өзімнің әкем де бар ғой. Сосын басқа туыстарда бар. Бірақ бір тиын мен Үкіметтен ақша алған жоқпын.

Бүгінге дейін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 7721 адам ақталды. Оның 2200-і – ату жазасына кесілгендер. Олардың қатарында ақиық ақын Мағжан Жұмабаев та бар. Алаш қайраткерінің шығармашылығына қатысты маңызды құжаттар биыл өңір тарихшыларының қолына тиді.

Сәуле Мәлікова, облыстық архивтің директоры:

– Алматы қаласындағы Президенттің архивінен 1926 жылы компартияның плениумында осы Мағжанның творчествосын қарап, оның жағымсыз жақтарын айтқан, дайындаған құжаттарды алып келіп отырмыз. Оның өлеңдерінің әдемілігі, сөздерінің кереметтігіне назар аударса дейді, оның мазмұны біздің идеяға сәйкес келмейді дейді. 1989 жылы ғана осы компартия Мағжанның шығармашылығын ақтаған болатын.

Қазіргі таңда облыста саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының картотекасы электрондық нұсқада жасалып жатыр. Яғни алдағы уақытта аты-жөні қашан репрессияға ұшырап, қай жылы ақталғандығы бәрі компьютерде көрсетілетін болады. Маңызды шаруаға архив қызметкерлерінен волонтерлер де атсалысып жатыр.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов