Ақтөбе облысында қатты жауыннан ұсақ мал зардап шекті

Ақтөбе облысында бұршақ аралас жауған жаңбырдан бір ауылдың ұсақ малдары зардап шекті.

Тұрғындар амалсыздан қатты әлсіреген 50-ден астам қой-ешкіні союға мәжбүр болды. Олардың әрекеті әлеуметтік желіде жарияланды. Бұл жағдай Шалқар ауданының Шоқысу елді мекенінде болған. Әдеттегіше, әр үйден қосылған мал таңертең жайылымға шыққанда күн ашық болыпты. Кенеттен ауа райы бұзылып, қатты жауын жауып кеткен. «Соның салдарынан жақында ғана қырқылған қой-ешкі арам өліп қала жаздады», – дейді ветеринария басқармасының өкілдері. Қазір олар өзге де шаруаларға ескерту айтып отыр.

Иса Базаров, облыстық Ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Өлім жоқ, бәрін сойып алған өздеріне, етке жаратқан. Мұндай жағдай биылдыққа бірінші рет болып жатыр. Бірақ негізі малды қарау керек қой. Қырыққаннан кейін күн суытып кетуі мүмкін, бұршақ жауып кетуі мүмкін. Малдың соңында жүрулері керек, дер кезінде хабар беруі керек.