Қапшағайда қорқынышқа толы үйдің тұрғындары көмек сұрайды

Қапшағайдағы сегіз отбасы ешқандай құжаты жоқ жатақханада тұрып жатыр.

Қаланың іргетасы қаланғанда тұрғызылған ғимараттың ағаштары шіри бастаған. Шатыры да шұрық тесік.

Гүлмира Құрманәлиеваның сыз тартқан үйде мүгедек жолдасымен бірге тұрып жатқанына жиырма жылға жуықтаған. Аядай екі бөлмеде балалары ер жетті. Енді немерелері де өсіп жатыр. Отбасы апатты үйде үреймен өмір сүріп келеді екен.

Гүлмира Құрманәлиева, Қапшағай қаласының тұрғыны:

– Немерелерімді уайымдап, қорқатын болдым, бала ғой қанша дегенмен. Мына үй тоқтан кетіп қала ма деп отырамыз. Қабырға, төбелердің бәрі түсіп жатыр. Кішкене иіс шықса, коридорға шығамыз. Біріміздің есігімізді біріміз иіскеп жүреміз. Міне, осылай өмір сүріп жатырмыз.

Тұрғындар, әсіресе, күн суытып, қыс түскенде қиналып қалады. Ортақ пеш болмағандықтан, әр отбасы бөлмелерін электр құрылғыларымен жылытады.

Динара Саулықбаева, Қапшағай қаласының тұрғыны:

– Светке айына аз дегенде 28-29 мың теңге төлеймін. Көп дегенде 39 мыңға дейін барады. Себебі менде екі бөлме. Менің кішкентай екі балам бар. Оларды жауратып отыра алмаймын.

Анаргүл Башиева, Қапшағай қаласының тұрғыны:

– Қыстыгүнгі жылу мәселесі өте қиын, барлық үй қосқаннан кейін, нагрузка күшейіп кетеді. Кешке жақын жарық өшіп қалады.

Екі қабатты жатақхана екі мыңыншы жылдары әлеуметтік санаттағыларға уақытша тұру үшін берілген. Басқа барар жері болмағандықтан, тұрғындар оны тұрғылықты баспана етіп алыпты. Сүрілуі тиіс ғимараттың ешқандай құжаты жоқ. Сондықтан мұндағылар тіркеуге де тұра алмайды. Көмек сұрағандардың мәселесін әкімдік өкілдері шешіп береміз деп отыр.

 Марлан Жолдахмет, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары:

– Сегіз отбасы тұрады. Оның бесеуі үй беру кезегінде тұр. Бесеуінің екеуі «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтінім тапсырған. Одан бөлек қалған отбасылар бойынша меценаттар жағынан баспана беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Өзіміз бос тұрған ғимараттарды сатып алып, реконструкция жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Соның қорытындысы бойынша баспана мәселесін шешетін боламыз. Қазір тұрғындарға ешкімді баспанасыз қалдырмайтынымызды айттық.

Қапшағайда апатты деп танылған 30 үй бар. Қалалық әкімдік биыл ескірген екі үйдің тұрғындарын жаңа пәтерге қоныстандырған. Енді олардың бұрынғы баспанасы бұзылып, орнына көпқабатты зәулім ғимарат салынатын болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов