«Қазавиаорманқорғау» мекемесі өртке қарсы жаңа техниканы сынақтан өткізді

Жаздыгүні далада өрт көбейеді. Сол себепті сақтықтықты күшейткен жөн. 

«Қазавиаорманқорғау» мекемесі өртке қарсы жаңа техниканы сынақтан өткізді. Бұл адам аяғы жетпейтін жердегі, әсіресе таулы аймақтардағы отты өшіруге таптырмас құрал болмақ.

Еліміздің орманды өрттен қорғау қызметі материалдық-техникалық базасын толықтырды. Алынған жаңа заттардың барлығы дерлік таулы аймақта жұмыс істеуге арналған. Ең алдымен ауыр тікұшақ бортынан өрт болып жатқан жерге десант түсіруге арналған жүйе жақсартылды. Бүгін мамандар оны тәжірибеде өткізіп көрді. Өрт сөндіруші десанттар 40 метр биіктіктен түсті. Оған Ми-171 «Қазәуеқорғау» тікұшағы пайдаланылды. Экипаж тікелей Bembi немесе Helicopter bucket «тікұшақ шелегі» деп аталатын су төгетін құрылғыны қолдануға машықтанды. Онымен өрт ошағына 5 тоннаға дейін су жеткізуге болады.

Биыл дала өрті өткен жылдарға қарағанда көп болуы мүмкін. Сала мамандары осылай деп болжам жасап отыр. Тек наурыз айынан бері үлкенді-кішілі 300-ге тарта орман өрті тіркелген. Өкінішке орай, адам шығыны да бар. Сондықтан олар сақтық шараларын күшейтуге кіріскен. «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің тағы бір сатып алған құрылғысы РДВ-1000 В деп аталады. Мұның көмегімен де аса қауіпті жерлерге 1 тоннаға дейін су жеткізуге болады.

Сергей Поляков, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Авиациялық-өрт сөндіру қызметінің басшысы:

- Біз бұл жағдайды зерттеп жатырмыз. Соңғы үш жылдағы статистиканы қарап шықтық. Осы аралықта өрт дерегі екі есеге өскен. 2018 жылы 332, 2020 жылы 700 өрт оқиғасы тіркеліпті. Мұның себебін біз құрғақшылықпен байланыстырамыз. Бір ғана өңірде емес, барлық аймақта сондай. Жазда жаңбыр өте аз жауады. 

Расында басқасын айтпаған күннің өзінде соңғы бір-екі айдың ішінде болған өрт оқиғалары елді есеңгіретіп кетті. Яғни Риддер мен Іле өзенінің төменгі атырабын жалмаған қызыл жалын оқиғасын ешкім әлі ұмыта қойған жоқ. Бұл осы салаға жауаты қызметтің кәсіби шеберліктерін шыңдап, дайындықты арттыра түсу қажеттігін байқатты.

Сергей Поляков, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Авиациялық-өрт сөндіру қызметінің басшысы:

- Қазір бізде «Ертіс Орманы», «Семей Орманында» жағдай өте күрделі. Өйткені маусымдық найзағайдан шығатын өрттер басталды. Найзағай соққан соң бір күнде бірнеше жерден өрт шығады. Ондай кезде авиацияның көмегі зор. Тез арада сөндірмесе жайылып кетеді. Жуық арада жағдай жақсарады деп айта алмаймын. 

Сергей Поляковтың айтуынша, ең қауіпті мерзім  тамыздың екінші жартысы. Бұл кез қазан айының соңына дейін жалғасады. Оны тек  арнайы қызметтер ғана жүктеп қоюға болмайды. Тұрғындар да қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы керек. Кез келген болмашы өрт экологиялық апатқа алып әкелетінін ұмытпаған жөн.

Қарлығаш Қайыпбекова, Григорий Беденко, Әбен Нарынбаев