Мақтааралдағы халықтың қазіргі жағдайы қалай?

Мақтааралдағы төтенше жағдайдан кейін бір жылдан астам уақыт өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол кезде Өзбекстандағы су қоймасы бұзылып, мыңдаған гектар егін алқабы мен жүздеген үй су астында қалған еді. Бірақ көпшілік жұмыла көмек қолын созып, қысқа мерзімде жағдайды түзеді. Халықтың қазіргі жағдайы қалай?!

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қаз-қатар тұрғызылған 400 баспана. Барлығы ішкі инфрақұрылыммен толық қамтылған. Заманауи емхана мен балалардың ойын алаңдары да бар. Қазір бұл Мақтааралдағы ең таңдаулы шағын ауданның бірі. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар осында қоныстанды.

Дінмұхамед Ермеков, Мақтаарал ауданының тұрғыны:

- Ауылдағы үйден қалаға келгендей болып жатырмыз ғой, Құдай қаласа. Үйдің ішінде барлық жағдай жасалған. Интернет бар, душ, газ, су барлығы бар. Үкіметке рақмет, осындай үй салып беріп жатыр, жағдай жасап беріп жатыр.

Ғабит Полатов, Мақтаарал аудандық түкш бөлімінің басшысы:

- Осы мөлтек аудандағы тұрғындар келіп, серуендеп, бала-шағаларымен ойнап-күліп жүретін жағдай жасалған. Бұл жерде 12,5 шақырым жол салынған. Ауылда жоқ конализациямен қамтылған бұл жер. Мырзакенттің өзінде канализация жоқ.

Су тасқынынан ең көп зардап шеккен Жаңатұрмыс, Жеңіс және Достық ауылының халқы жаңа шағын ауданға көшірілді. Ал Өргебас пен Фердауси ауылының тұрғындарына 17 миллион теңге өтемақы төленді. Сөйтіп, жергілікті халық та еңбекке тартылып, өз баспаналарын өздері тұрғызды. Ауылда бұған дейін болмаған газ құбыры тартылып, көгілдір отын берілді.

Сәкен Қалқаманов, облыс әкімінің орынбасары:

- Егін алқаптарындағы дақылдар да суға кетті. Диқандардың шығынын өтеп бердік. Сондай-ақ жоғалған малдың құнын да төлеп, жағдайды қалпына келтірдік. Иелері құжаттарын көрсетіп, дәлелдесе, еш қиындықсыз өтемақы алды. Тұрғын үйлерді қалпына келтіруде Өзбекстан Республикасы көп көмек көрсетті. Екі елдің басшылары мен премьер-министрлері келіссөздер жүргізіп, құрылыс материалдарын көрші елден алдырттық.

Естеріңізге сала кетейік, Мақтаарал ауданын өткен жылы көктемде су басты. 800-ден астам үй мен 7 мың гектардан астам егін алқабы су астында қалды. Бүгінде мамандар мұндай төтенше жағдай қайталанбауы үшін су қоймасына дренаждар орнатып, каналды бұруға мүмкіндік жасалып жатқанын айтады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Раул Ғабитов, Ерболат Әбіш

 

Сондай-ақ...