Батыс Қазақстан облысында жеміс бағының аумағы 830 гектарға жетті

Алайда былтыр небәрі 2 мың тоннадай өнім жиналған. Бұл облыс қажеттілігінің тек 5 процентіне ғана жетеді. Қалғаны шеттен әкелінеді. Импорт өнімдерді жергілікті жеміс-жидекпен алмастыру мақсатында қолға алынған жаңа жобалар да бар. 

Ақжайық ауданына қарасты Ақбұлақ елді мекені Жайықтың оң жағалауында орналасқан. Өзен жақын болғанымен ауыл халқының негізгі күнкөрісі төрт түлікпен тығыз байланысты. Былтыр іскер азаматтар ауыл іргесінде аумағы 50 гектар болатын алма бағының құрылысын бастапты. Қазір Ақбұлақтағы жас пен кәрі осы жерде еңбек етіп жүр. Солардың бірі Қайырғали Құмаров бұл ауылға 20 жыл бұрын көшіп келіпті.

«Қазір зейнет жасындамын. Бірақ инвестордың өтінішін қабыл алып, трактор тізгініне қайта отырдым», - дейді ол. 

Қайырғали Құмаров, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:

- Мынау слива терегі суарып жатырмыз. Елімізге келген бір ырыс қой енді. Соны төкпей-шашпай жинақтап өсіріп алайық деп жатырмыз енді. 1-2 жылда беретін болар жемісін. Болашақта көрсетеді ғой енді соған жұмыстанып жатырмыз. 15 шақты кісі жұмыс істейміз, қалғандары қоршауда неде окошка салады бәрі. Екі шал суарып жатырмыз. Ертең немере-жиендеріміз бар, жемісін солар жесін деп салып жатырмыз.  

Асұлан Досымов, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:

- Еңбектеніп жұмыс жасап жатырмыз. Болашағы бар деп ойлаймын бұл бақтың. Жаман емес. Еңбекақымызды алып жатырмыз, еңбектеніп жатырмыз. Мұнда сол бақша суарамыз, егеміз, ограждениесі бар, бақшаның жұмысы көп қой. Үйдің қасынан жұмыс табылып, жұмыспен қамтылып жатырмыз. Бұрын Атырау жақта істегем. Қазір үйдің қасында, таңертең келіп кеште кетеміз. 

Әзірге 15 гектар аумаққа мың шақты түп жоғары сұрыпты алма көшеттері егілген. Жоба жетекшілерінің айтуынша, болашақта бұл шаруашылық кластерлік бағытта дамымақ. Яғни бақтан алынатын өнімді қайта өңдеу, сату, қосымша шаруашылықтарды өрістетуге ден қойылады. Бірнеше жеміс-жидек сақтау қоймасы мен жылыжай кешендері іске қосылмақ. Тыңайтқыш алу үшін құс шаруашылығы құрылады. «Жерді бір жыл бойы баптадық. Өңдеу жұмыстарын жүргіздік. Топырағы өте құнарлы. Сондықтан мол өнім алуға мүмкіндік бар. Әрі ауылды да сақтап қалар едік»,- дейді кооператив басшысы.

Мұхтар Әйтімов, бағбан, жоба жетекшісі:

- 2-3 жылдан кейін бірінші өнімдерімізді ала береміз. Мақсатымыз 5 жылға дейін комбинатты тұрғызып полностью загрузить. Жергілікті жемісімізбен балабақша, мектеп, түгел сауда орындарын өз алмамызбен, басқа да көкөністермен қамтамасыз ету. Переработка өндіріс, пюре, компот, варенье, от сухофруктов осы жерде оп-оңай жасалатын заттар. Жобаның құны қазір 40 миллион теңге инвестиция. Бұл біздің вложение. 

Бір сөзбен айтқанда, Ақбұлақтағы алма бағы өнеркәсіптік көлемге бағдарланған. Ал бақты игеруде алманың жоғары сұрыптарын шығарған белгілі ғалымдар еңбегі ескеріліпті. Егілген көшеттердің дені осы жерге аудандастырылған сұрыптар. Тіршілік нәрін үнемдеу мақсатында кешікпей тамшылатып суару тәсілі енгізілмек.

Қуанышқали Есімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Әрбір шаруашылығымызды алма бағы немесе бір жеміс жидек салғанын біз қолдаймыз. Үкімет тарапынан инвестициялық салымдар бағдарламасы аясында 25 пайыздық субсидия бар. сонымен қатар элиталық тұқым көшеттерге тағы бір бағдарлама арқылы оған 50 пайыз төленетін болады.  

Аймақтағы шаруашылықтар 2025 жылға дейін 160 гектар алқапқа жеміс ағаштарын отырғызбақ ниетте. Саланың өрге басуына өңірде қолға алынған «Менің аулам – менің бағым!» жобасы да оң серпін бермек.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...