Дәрігерлер: Үнді штамының пайда болуына байланысты эпидахуал күрт нашарлауы мүмкін

Алматыда үндістандық штамм тағы бір адамнан анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағалидің айтуынша ол 8 жастағы бала екен. Кеше осы қауіпті вируспен 37 жастағы әйелдің ауырғаны белгілі болған еді. Қазір екеуі де жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Басқа жанұя мүшелері туралы әзірге ақпарат жоқ. Ал, дәрігерлер үндістандық «Дельта» штамының пайда болуына байланысты эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлауы мүмкін деп болжам жасап отыр. Сондықтан қала тұрғындарын жаппай вакцина алуға шақырады.

Лаура Мырзағали, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары:

- Вакцина алмаған адамдарға уақыт жетті деп ойлаймын. Жайбарақат жүріп, эпидемиологиялық шараларды сақтамаса, біз жаман жағдайға келуіміз мүмкін. Мен мұны вакцина алсын деп айтып тұрған жоқпын. Мұның профилактикасы вакинация. Егер вакцина алмаған адамдар бұл ғалымдардың айтуынша, үнді штамы ауыр жағдайдағы ауруларға алып келеді.