ПИК орнына МИБ: тұрғын үйді басқарудың жаңа формасының ерекшелігі

Жаңа заң бойынша қазақстандықтар тұрғын үйді басқарудың заманауи түрін – мүлік иелерінің бірлестігін таңдай алады, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бүгінге дейін пәтер иелерінің кооперативіне бірнеше тұрғын үй кіре беретін еді. Енді бұл ереже жойылды, бұдан былай бір үйдің тұрғындары ғана мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) құра алады. Оның құрамына тұрғын/тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері – жеке және заңды тұлғалар кіреді. МИБ-тің қызмет мерзімі шектеусіз құрылады.

Мүлік иелерінің бірлестігі дегеніміз не?

МИБ – коммерциялық емес ұйым, ортақ мүлікті басқару үшін көппәтерлі тұрғын үйдегі меншік иелерінің бірлестігі. Мүлік иелерінің бірлестігін құру үшін заңды тұлғаны – коммерциялық емес ұйымды тіркеуіңіз керек. Осыдан кейін жиналыста бір жылға төрағаны сайлау қажет. Міндетті түрде ол жеке тұлға болуы тиіс. Таңдалған адам пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелері берген сенімхат негізінде әрекет етеді. МИБ-тің басты айырмашылығы – бұл заңды тұлға емес.

МИБ-ке тіркелгеннен кейін атқарушы орган төрағасы екінші деңгейдегі банкте екі шот ашуы тиіс. Бір шот ағымдағы шығындар үшін, екіншісі күрделі шығындар үшін.

Сонымен қатар пәтерлердің немесе тұрғын емес үй-жайлардың иелері дауыс беру арқылы үйді басқару функцияларын беру туралы шешім қабылдай алады. Ерекше айта кететіні, МИБ-ті құру кезінде күтіп ұстауға және пайдалануға арналған төлемдер көбеймейді.

Ал тарифтің төмендеуін немесе жоғарылауын күтіп ұстауға және пайдалануға арналған шығындар сметасымен растау маңызды. Смета мүлік иелерінің жалпы жиналысында бекітіледі. Мұндай басқару механизмі көптеген проблеманы өз бетінше және ортақ күш-жігермен шешуге мүмкіндік береді.