30 жыл бойы жолды жөндеген жоқ, енді жөндейтініне сенбейміз - БҚО ауылының халқы

Батыс Қазақстан облысы Володарское ауылының тұрғындары көлік жүретін жолды өздері жөндеп жатыр. Олар бірнеше жылдан бері биліктен қаржы сұрап шаршадық дейді. 

Жыры жылдарға созылған жолдың ұзақтығы небәрі 2 шақырым. Бірақ ойдым-ойдым шұңқыры ауыл халқының әбден жүйкесін жұқартып біткен. Вадим Самохвалов та осы жолмен жиі қатынайды екен.

«Ауылға жиі келемін. Қалаға да тиіп тұр. Бірақ мына жолды еңсеру оңай емес. Көліктің де соры», - дейді ол.

Вадим Самохвалов, Орал қаласының тұрғыны:

- Мына жолмен күн сайын жүретін жүргізушілерге медаль беруге болар. Шұңқырлары күзде шалшық суға толғанда қозғалыс тіпті қиындап кетеді. Ондай кезде талай көліктің жолда бұзылып тұрғанына сан мәрте куә болдық.

Аға буын өкілдерінің айтуынша, алғаш рет бұл жерге асфальт колхоз болып құрылған кезде төселіпті. Содан бері бір де бір рет жөндеу көрмеген. Ашынған ауыл тұрғындары ақыры екі қолға бір күрек алмаққа бекініпті. Алдымен ауылға кірер тұсты жөндеді. Құрылысқа қажетті қаражатты да өздері жинаған.

- Сегодня 28 июня, вот так мы продолжаем ремонт дороги? Вот так мы раздалбливаем ямочки.

Қуаныш Әділшиев, Володарское ауылының тұрғыны:

- Ақшаны ауыл тұрғындары болып өзіміз жинадық. Бірі 500 теңгеден, енді бірі мың теңгеден берді. Күрек пен сүйменімізді алып 30 шақты адам кешкісін жөндеу жұмыстарына жұмыламыз. Арзан бағаға асфальт таптық. Енді бізге оны ешкім келіп жөндеп бермейді ғой. 30 жыл істеген жоқ, енді істейді дегенге сенбейміз де. Көлікпен жүру мүмкін емес, күн сайын бұзылған машинаны жөндейміз.

Дәулет Убаев, Трекин ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Жолдың мәселесі союздан келе жатқан мәселе. Оған қаражат бөлінбегесін ол әзірге күтіп тұр. Келесі жылға ПСД Володарка мен Новенький болса оның арғы жылы жұмыс жүреді деп есептейміз если қаражат бөлінсе.

Жолдың кейбір тұсы демеушілер есебінен жөнделіп жатыр. Жарықтарды уақытша болса да бітеп, асфальт жабынын төсеуге арналған бірлі жарым техника пайда болған. Биыл Трекин ауылындағы жолды жөндеуге қаржы бөлініпті.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов