Шымкентте шөп бағасы шарықтап, мал арзандап кетті

Шымкентте шөптің бағасы шарықтап, шаруалар абдырап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салмағы жиырма келіге жетпейтін бір бумасы 1000-1500 теңгеден саудаланып жатыр. Шығынға батқан шаруалар енді не істерін білмейді. Өйткені қорасындағы қара малын жаятын далада шөп жоқ, сатайын десе баға төмендеп кеткен. Қайтпек керек?!

Қазір Шымкент қаласындағы мал базары төрт түлікке толып тұр. Баға төмендігі байқалғанымен, сатылып жатқаны аз. Шаруалардың айтуыншағ малдың мұншалықты арзандауына шөп бағасының шарықтауы себеп. Өйткені шөп қымбат болса, мал шығынын ақтамайды.

Бүгінде қуаңшылық салдары ірі және орта шаруа қожалығын да қинап қойды. «Соңғы уақытта аймақта жем-шөптің жетіспеушілігі қатты байқалуда», - дейді олар.

Тахирбек Нышанбаев, Қаратау ауданы бойынша фермерлер қауымдастығының төрағасы:

- Шөп жоқ десе де болады. Сол себептен біздің көптеген шаруа қожалықтары, әсіресе, кіші шаруа қожалықтары, үйінде мал ұстап жатқан біздің шаруа қожалықтарымыз малдарын асырауға қиналып жатыр. Биылғы құрғақшылық себебінен шөбіміз жоқ. Сол үшін қазір көп шаруа қожалықтары малдарын апарып, базарға сатып жатыр.

Жем-шөпке сұраныс көбейгенде мал азығының бағасы аспандап кетуі заңдылыққа айналғандай. Қазіргі нарық былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Мұны шөп сатушылар да растайды.

Бекзат Таласбаев, шөп сатушы:

- Диқандар 800 теңгеден беріп жатыр. Барып алып келеміз. Грузчикіміз бар 40 теңгеден шт артады. 20 теңгеден алып-сатарларға береміз.

Қымбатшылық әлі де жалғасуы мүмкін. Мұны әкімдік мамандары да біледі. Сол себепті қазір мал басының аналық тұқымына субсидия төлеу үшін қызу дайындық жүргізілуде. Ол үшін қалалық есептен 130 млн теңге бөлінді. Бюджет бүйірінен тағы да 200 млн теңге қаралуда.

Әбунасыр Жанбатыров, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

- Нақтылап айтатын болсам, мынау ірі қара малдың жем-шөбіне бір басына 30 мың теңге аналық басқа. Жылқыға 20 мың теңге, қойға 5 мың теңге қарастырылған. Яғни, осы шаруа қожалықтар жем-шөп сатып алған жағдайда оның құжаттарын ұсынады. Соған сәйкес әрбір аналық басының сырғасы мен тіргелген нөмірін береді. Соның негізінде біз әрбір басына белгіленген нормативпен субсидиясын өтеп береміз.

Мал баққан ағайын үшін тағы бір жүйе жолға қойылмақ. Яғни, «Гидропоника» әдісі арқылы аулада жем-шөпті дайындауға басымдық берілмек. Жаңа жүйеге құмартқандарға тиісінше, түрлі қолдау да болады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов