Қарағанды облысында 70 отбасы пәтерін жекешелендіре алмай отыр

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентінде 70 отбасы 8 жыл бұрын алған пәтерлерін жекешелендіре алмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалдамалы баспаналар бес жылдан соң беріледі деген келісім орындалмаған. Жылдар бойы төлеген ақшасы қайда кеткенін білмей шарасыз қалған Шашубайлықтардың мәселесін тілшіміз Ардақ Асылханұлы анықтап көрді.

Айтолқын Жабаева осыдан 8 жыл бұрын отбасымен осынау екі бөлмелі пәтерге қоныстанған. Содан бері әр ай сайын баспананың жалдау ақысын үздіксіз төлеп келеді. Ал жекешелендіру мәселесі өкінішке орай, әлі күнге шешімін таппаған.

Айтолқын Жабаева, Шашубай кентінің тұрғыны:

– Әкімшілікке қарасақ, әлі атымызға аударатын түрі жоқ. Мысалы, үйге келімді-кетімді кісі бар. Ремонтты өзіміз үшін жасап жатырмыз. Ел қатарлы тұрайық деп. Болашақта бұл үй атымызға аударыла ма, аударылма ма,ол да белгісіз.

Баспана жыры бүгінде осы үйде тұратын 70 отбасының  ортақ мәселесіне айналған. Айтуларынша, 5 жыл бойы жалдау құнын үзбей төлесе, кейін ол пәтер меншігіне өтеді деген әу баста жергілікті әкімдікпен ауызша келісім болған. Бірақ қолдарындағы құжатта ол туралы жазылмапты.

Рауза Дәкенова, Шашубай кентінің тұрғыны:

9 жыл болды, әлі түк те берген жоқ. Енді былай шығарып жатыр қазір. Менің үйім екі бөлмелі, 2,5 миллион теңге. Соның қазір 30 пайызын төлеуім керек, ол дегеніңіз 850 мың теңгедей ақша. Ал сосын қалғанын маған бөліп береді екен. Сонда біздің ай сайынғы 8 жыл төлеген ақшамыз қайда кетті?

Тұрғындардың жылдар бойы жалдамалы пәтерге төлеген қаражаты мемлекет қазынасына түсіп отырған. Ал заңға сәйкес, баспананы жекешелендірген кезде ол ақша есепке алынбайды екен. Үйді меншікке өткізу үшін толық құны төленуі тиіс, - дейді әкімдік мамандары.

Қайрат Қошантаев, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:

– Үйдің өзінің құны жекешелендіруге өткен кезде, тұрған жылына сәйкес, мысалы тұрғын 10 жыл тұратын болса, әр жыл сайынғы амортизациясы алынып тасталып, қалған үйдің қалдық құны төленеді. Жыл сайын екі пайызға дейін амортизациясы есептелінеді. 10 жыл тұратын болса, соның 20 пайызы шегеріледі.

Бірақ тұрғындарды 2 проценттік жеңілдік қанағаттандырмайды. Жалдамалы үйде тұратын отбасылардың көпшілігі, жалғызбасты аналар мен зейнеткерлер. Сондықтан пәтерді нарықтағы бағамен сатып алуға еш мүмкіндік жоқ деп шырылдап отыр олар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев.