Қарағанды облысы: дала өртін сөндіруге қосымша күш жұмылдырылды

Қарағанды облысы, Ұлытаудағы дала өртін сөндіруге қосымша техника мен әскери бөлім сарбаздары тартылды.

Пионер ауылынан 10 шақырым, ал Байқоңыр елді мекенінен 15 шақырым жердегі өрт ошақтары сөндіріліп жатыр. Біраз аумақтағы от ауыздықталғанымен, ірі ошақтар әзірге күш бермей тұр. Дегенмен оларды да бүгін толық сөндіреміз деген уәде берді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы.

Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысы:

– Бесінші шілде күні жақындаған өрттің бәрі сөндірілді. Қазіргі кезде 15 шақырым жерде анықталған ұзындығы 700 метрлік өрт ошағы сөндірілуде. Оған жедел штаб та, жергілікті халық та белсенді қатысуда.