Есіл жағалауы ластанып барады

Есілді жырға қосқан ақындар ерке өзен деуші еді. Елорданы қақ жарып өтетін Есілдің қалаға көрік беретіні де жасырын емес.

Жағасын жайлы мекен санап, демалатындар қаншама. Бірақ жағаға барған жұрттың кейде көңілі бәсеңдеп қалатынын көріп жүрміз. Өйткені жағалауды реттеу былай тұрсын, өзен жиегіне жасыл балдыр жиналып қалыпты. Тіпті содан судың түсі де өзгере бастаған. Ал қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес.

Өзеннің шығыс жағалауына барғанымызда Есілдің ерке толқындарынан бұрын, бірінші кезекте тозығы жеткен тас төсеуіштер мен бейберекет орналасқан жиектастарды көрдік. Баспалдақ плиталарының арасы ашылып, саңылау пайда болған. Гранит қаптамалары түсе бастаған. Қабырға бетіне бәзбіреулер әдепсіз сурет салып кеткен.

Бұл жағажайда серуендеу аздап қолайсыздау, шыны керек. Өйткені шөптің өсіп кеткені соншалық, аз уақытан кейін тоғай болайын деп тұр.

Есілдің батыс жағалауы елорданың арайын аша ма десек, бұл жердегі көрініс те көңіл көншітпеді. Неге дейсіз ғой? Өйткені мұндағы қалдық пен балдыр алдыңғысынан әлдеқайда көп. Төңіректі де тазалап жүрген ешкімді көрмедік. Өкініштісі сол, жақын маңда мына бір заманауи мешіт орналасқан. Постмодерн стилінде салынған «Ырыскелді қажы» мешітіне апаратын көпір астындағы жағажайдың сиқы осы. Айнала толған қоқыс. Қармағыма балық емес, тіпті етік ілінсе де таң қалмаймын. Сонымен тазалық қайда қалды? Сауалды құзырлы органдарға қойдық. Ондағылар былай дейді.

Фархад Мойынов, Есіл аудандық әкімдігі Өндірістік-техникалық бөлімінің Бас маманы:

– Жағалау бойынша айтатын болсақ, біздің Сарыарқа даңғылындағы көпірден бастап, Тельман тұрғын алабына дейін Есіл ауданы аппаратының құзырына жатады. Ол жерде шөп шабу жұмыстары және тазалыққа қарайтын жұмыстар жүргізіледі. Және былтыр 4 км қашықтықта брусчатка алмастыру жұмыстары жүргізілді.

Бірақ жергілікті тұрғындардың пікірі мүлдем басқаша:

– Менің ойымша жағалау өте лас және тазалау қажет.

Өзім осы жерде жиі жүрем. Бірақ өзенге қарасам, лас. Бір нәрсе істеу керек деп ойлаймын.

Тазалық жағдайы қалай сақталған? Өзіңіздің шағымыңыз жалобыңыз бар ма? Жоқ. Барлығы қанағаттандырады ма? Иә.

Бұрын-соңды тазарту жұмыстары жүрді ме? Жалпы көрдің бе қызметкерлердің су бетіндегі балдырды алып немесе қоқысты тазартып жүргенін? Жоқ, көрген жоқпын.

«Халық айтса, қалып айтпайды» дегенді және өз көзімізбен көргенімізді қаперге алатын болсақ, әкімдік өкілінің сөзі шынайылық ауылынан алыстау сияқты. Бірақ Фархад Мойыновтың айтуынша, жұмыстар жалғасып жатыр.

Фархад Мойынов, Есіл аудандық әкімдігі Өндірістік-техникалық бөлімінің Бас маманы:

Қазіргі уақытта бізде жұмыстар жалғасып жатыр. 2 км қашықтықта жаңағы жұмыстарды жалғастыру жоспарда бар. Жылдың аяғына дейін Қабанбай батыр даңғылындағы көпірден бастап, Тельман тұрғын алабына дейін 600 шамшырақ ауыстыруды жоспарлап отырмыз.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марат Диханбаев