Алматы облысы бойынша ауылдық округ әкімдерінің сайлауына 279 үміткер қатысады

Алматы облысы бойынша ауылдық округ әкімдерінің сайлауында 279 үміткер бақ сынайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың ең жасы 25-те болса, ең үлкені 62-де. 25 шілдеге белгіленген саяси додада Жетісу жеріндегі 71 ауылдық округтің әкімі сайланады. 60 әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталса, 11-і мансабын мерзімінен бұрын тоқтатқан. Ұсынылған үміткерлердің 33,3%-і саяси партиялар атынан, қалғаны өзін өзі ұсыну жолымен тіркелген. Өңірде орта есеппен бір орынға 4 адам таласады. Іле ауданының Чапаев ауылдық округінде ең көп үміткер тіркелген. Онда саяси бәсекелестік 9 кандидаттың арасында өтеді.

Қаһарман Жақсылық, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Жалпы сайлаушылардың саны 220 мыңнан асады. Енді жалпылама бүгінгі таңда біздің сайлау учаскелеріміз толыққанды дайын. Бұл жерде бізде 17 ауданда және қалада сайлау науқаны өтетін болады. Бізде өтпейтін бұл – Кеген ауданы. Содан кейін Талдықорған қаласы мен Қапшағай қалаларында өтпейтін болады. Себебі бұл жерде әкімшілікке бос орындар қазіргі таңда жоқ.