Мал азығы - маңызды мәселе

Биыл батыста қуаңшылық қысты. Көктем мезгілінде жаңбыр жаумай, шөп күйіп кетті.

Жайылымдар тақыр далаға айналды. Жұтаған малға қажетті жем-шөпті тауып бере алмаған шаруалар әбден састы. Осыны пайдаланған кейбір алып-сатарлар жем-шөп бағасын шарықтатып жіберді. Жағдай әлі де мәз емес. Ал оңтүстіктегі таулы аудандар болмаса, жазықтағылардың жайылымы әлдеқашан түгесілген. Жұрт қымбат болса да, суармалы алқаптағы жоңышқаға үміт артып отыр.

Бұл - Шардара ауданы, Қоссейіт ауылының тұрғыны Исабай Оңалбаевтың шабындығы. Шаруа 9 гектар суармалы алқапқа жоңышқа еккен. «Алғашқы орымда мың жарым түк жоңышқа алдық» дейді. Енді екінші орымды шауып жатыр. Жауын-шашын мен судың аздығына қарамай шөптің шыққанына риза. Ең бастысы қолдағы төрт түлікке жететінін айтады.

Исабай Оңалбаев, шаруа:

– Биыл өнім былтырғыға қарағанда сәл аздау болып тұр. Қуаңшылыққа байланысты, су тапшылығына қарамастан бір суғардық, әйтеуір. Өзіміздің малымыз бар, соларға жинап жатырмыз. Қысқа жетеді.

Жалпы Қоссейіт ауылында, жайылымды қоспағанда 2200 гектар суармалы жер бар. Оның барлығына жоңышқа егілген. Ауыл тұрғындарының көңіліне үміт ұялатып отырғаны да осы. Әркім қажетінше мал басына қарай сатып алуда. Оның үстіне мамандар суармалы жер қуаңшылыққа қарамастан өнім беретінін айтады. «Шөптің бағасын ортадағы алып-сатарлар құбылтып отыр. Әйтпесе, өз шөбіміз өзімізге жетеді» дейді ауыл әкімі. 

Еркінбек Айдынбаев, Қоссейіт ауылының әкімі:

– Камазбен келіп, алып кетіп жатқан шаруалар да бар. Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал аудандарынан өз көліктерімен келіп, тікелей шаруа қожалықтарымен бірге өздері келісіп алып кетіп жатыр. Жамбыл облысынан да Қызылорда облысына осындай шөптер барып жатыр. Баға 800-1000 теңгенің арасында. Ол енді сапасына, салмағына байланысты

Жалпы Шардара ауданында 56 мыңнан астам іріқара, 260 мыңға жуық ұсақ мал және 15 мың жылқы бар. Биыл төрт түлікке қажетті жем-шөппен қамту үшін 60 мың гектар алқапқа әртүрлі дақылдар егілген. Оның тең жартысы мал азықтық дақылдар. 22 мың гектар суармалы жоңышқа алқабы бар. Оның 5 мыңы биыл егілген. Сондықтан Шардаралықтар биыл шөптен таршылық көрмейтіндерін айтады. Бұдан бөлек, биыл арпа, бидай, дәндік жүгеріден 20 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Ауданға қажеттісі 20 мың тонна болса, қалған 6 мың тоннасын шаруалар өздері көрші аудандарға сатуды көздеп отыр. Түркістан облысы ауыл шаруашылығына бейім болғанымен биылғы қуаңшылық бірқатар ауданды әбігерге салды. Қолайсыз ауа райымен аптап ыстық жайылымдардағы шөпті қуратып жіберді. Кей аудандар мал азығының мөлшерін 90%-ке дейін жинап алғанымен, енді бірі 20%-ін ғана жинап үлгерген. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы