Ақтау тұрғындары үйлерінің маңындағы дүкен құрылысына қарсы

Ақтау тұрғындары үйлерінің маңынан дүкен салуға қарсы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, бос жатқан жер учаскесіне ғимарат тұрғызуға болмайды. Себебі, жер астында инженерлік желілер қаптап тұр. Ал, жергілікті билік соған қарамастан жердің 13 жыл бұрын сатылып кеткенін хабарлады.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Дау тудырған ұлтарақтай жер осы. Бұл жер телімі 2008 жылы сатылып кеткен. 1 апта бұрын геодезистер келіп, қазық қағып кетіпті. Содан бері тұрғындарда маза жоқ. Кәсіпкердің әрекетін іске асыртпақ емес. Үш сотық жерді қорғауға үлкендер ғана емес, жастар да шығыпты. Талаптары бір. Дүкеннің құрылысын тоқтату.

Түймеш Қыстаубаева, қала тұрғыны:

- 32-33-тің адамдарымыз, мынада 140 пәтер, мында 100. Аз адам емес қой. Үйіміздің қасында барлығы дүкен. Дүкен неге керек мына жерге? Халық жабылып сындырады. Ашынған халық не істемейді? Отыратын жеріміз жоқ, қоқысымыз тұр сасып. Аздырды халықты, әкімнің не қарап отқанын білмеймін. 85 жылы көшіп келдік, осылай салынған үй. Ауа керек емес пе? Күн түсу керек емес пе? Бала ойнайтын жер салып берсін одан да.

Жасы 80-ге таяп қалған ардагер Тельман Нақбергеновге бұл жағдай жақсы таныс. 36 жыл бұрын көшіп келген ол 90-жылдары дәл осы жерде дүңгіршек болғанын айтады. Бірақ тұрғындар алдырып тастапты. Одан бері жер уческесі коммуналдық желіге толған. Сондықтан жаңа сауда орнының құрылысына үзілді-кесілді қарсы.

Тельман Нақбергенов, қала тұрғыны:

- Коммуникация жүріп жатқан жерге дүкен саламыз дейді. Техникалық су жарылады. Оны кім ремонттайды? Эксковатр келе алмайды, дүкен салғаннан кейін. Электр кабелі істен шығады. Одан да қазу керек. Жертөленің астына кіре ме дүкеннің? Соны ойламай ма екен? Анда-санда жаңбыр жауады, соны ағызу үшін құдық қалдырып кеткен. Сол суағар бар. 3 үйдің канализациясы өтеді.

Тұрғындармен кездесіп, мәселенің мән-жайын білуге жауаптылар жедел жетті. Ашулы жұрт түсіндіру жұмысын жүргізуге келген қала әкімінің орынбасарына әбден шүйлікті.

Мәлік Әбдіқадыров, қала әкімінің орынбасары:

- Енді ашулы болсаңыздар, енді кезінде сатып алған шығар, қазір жауап бере алмаймын. Қазір 2-3 өкіл беріңіз, ішке барайық, менің машинама мінейік, мынаның иесін шақырайық. Қарсы болсаңыз, Үкіметке қайтару процесін бастайық. Оған проблема жоқ, балалар алаңын саламыз ба қараймыз.

Осылайша, қала әкімінің орынбасары жерді қайтаруға болатынын айтты. Әрі қарай әкімдікте талқыланған мәселенің қалай шешілгенін білуге бізде бардық.

Абылай Бекмағанбетов, қалалық жер қатынастар, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жер учаскесі бастапқыда 2008 жылы берілген коммерциялық мақсатта пайдалану үшін. Осы күнге дейін ол жер учаскесі бірнеше 3-ші тұлғаларға сатылған. Қазіргі иесі ағымдағы жылдан бері иелік етеді. Астында су құбыры болу керек. Бүгінгі тұрғындар ұсыныстары негізінде қала әкімінің тапсырмасы негізінде жер учаскесін мәжбүрлі түрде қайтару бойынша жұмыстар басталады. ҚР Жер кодексімен және ҚР Мемлекеттік мүлік туралы заңымен белгіленген талапта өтеледі. Оның орнына басқа жер учаскесін береміз.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Аталған жер учаскесін мәжбүрлі түрде қайтару туралы қаулы мемлекеттік мүлік туралы заңға сәйкес, бастапқыда 3 айға шығарылмақ. Егер жер иесі қарсылық танытса, онда 1 жылға дейін созылады. Әрі қарай әкімдік тарапынан арыз беріліп, сот орындары арқылы тартып алу жүргізіледі. Оған дейін дүкеннің құрылысы тоқтатыла тұрады.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев