Маңғыстау облысында ауыл әкіміне үміткердің барлығы ер адам

Маңғыстауда 6 ауыл мен 4 ауылдық округте әкімдерді сайлау жүріп жатыр. Осы лауазымынан көрінуге бас-аяғы 25 адам үміткер. Олардың нешеуі әйел? Кандидаттардың басым көпшілігі қандай салада қызмет атқарады?

Сіз айтып тұрған 10 сайлау округінде қанша сайлау учаскесі бар? Дауыс берушілер саны ең көп тіркелгені қай елді мекен?

Талғат Исламұлы, тілші: 

- Ауыл әкіміне үміткерлер тізімі бастапқыда 39 адам болған еді. Қазір нақты саны 25. Барлығы да ер адам. Бұған дейін Маңғыстау ауданы Қызан ауылынан бір әйел үміткер ретінде өзін өзі ұсынды, кейін кандидатурасын алып тастады. Жалпы 25 кандидаттың дені педагогтар мен заңгерлер. 

10 сайлау округінде 14 сайлау учаскесі бар. Олар бойынша дауыс берушілер саны 14 мың 144 адам деп айтылды. Ауыл әкімін сайлау өңірдегі 7 елді мекеннің 4-уінде жүріп жатыр. 

Ең көп дауыс берушілер, нақты айтсам, 6900-ге жуық тұрғын Ақшұқыр ауылдық округінде, ең азы Бейнеуге қарайтын Сам ауылы. Мұнда бар-жоғы 403 адам. Сайлау кезінде карантин талаптарының сақталуы қатаң бақылауда. Мұны осындағы байқаушыларда растап отыр.

Еділбек Дүйсенов, байқаушы: 

- №239 учаскеде, Ақшұқыр ауылында орналасқан бақылаушы болып отырмын. Ешқандай заң бұзушылықты көрген жоқ. Санитарлық талаптар мен карантин талаптары қатаң сақтаған түрде өтіп жатыр. Сайлау комиссиясы да бетперде және медициналық қолғаппен жұмыс істеуде.

Мәліметті толықтыра түсейін, Маңғыстауда ауыл әкімі болғысы келетін 25 азаматтың 12-сі саяси партиялардан, қалғаны өзін-өзі ұсынушылар. Ең жасы 25-те болса, ең үлкені 60-қа толған. 9 үміткер сайлау өтетін ауылдық округте, тағы 12 адам сайлау өтетін ауданда тұрады. Қалғаны 4 кандидат басқа елді мекенде тіркелген. Соның ішінде 2 кандидат ауылдық округ әкімі болып қайта сайлануға ниетті.