«Орталық-Оңтүстік» дәлізінің құрылысы қашан аяқталады?

Елде 4,5 мың шақырым жол салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрын-соңды мұндай көлемде құрылыс болмаған. Екі жылдан соң жұрт елорда мен Алматының арасында тақтайдай автобанмен қатынайтын болады. Бүгінде бұл бағыттағы жолдың жартысынан көбі салынған. Ал, құрылыс толықтай қашан аяқталады?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Білеміз, елордада -Қарағандыға дейін және Қапшағайдан Алматыға дейінгі жол тақтайдай. Ал, бас қаладан Алматы шаһарына дейінгі қалған аралықтағы жол мінсіз емес еді. Талай рет сын да айтылған. Сөйтіп, жолдың сапасын жақсарту үшін 2019 жылы «Қазавтожол» ұлттық компаниясы «Орталық-Оңтүстік» аталатын дәліздің құрылысын бастады. Бұл дәліз «Қарағанды-Балқаш», «Балқаш-Бурылбайтал», «Меркі-Бурылбайтал», «Бурылбайтал-Құрты» және «Құрты-Қапшағай» болып бірнеше бөлікке бөлінді. Қазір барлығында да құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Әйтпесе бұрында...

Бұрын да Қарағанды мен Алматының арасындағы жолдың жалпақтығы 6, кей жерде 9 метр болатын. Сөйтіп, ол екінші және үшінші санатты болып есептеліп келген. Ал, қазір жолдың жалпақтығы екі жағын қосқан кезде 18 метрге дейін кеңейтіліп жатыр.

«Орталық-Оңтүстік» дәлізіне дейін Қарағандыда солтүстік-шығыс айналма жолы салынған еді. Мұның ұзындығы 48 шақырым. Бұған республикалық бюджеттен 35 миллиард теңге жұмсалды. Қазір жаңа жолдың игілігін көріп отырғандар көп.

Али Четкин, Қарағандыдағы «Солтүстік-Шығыс айналма жолы» жобасының үйлестірушісі:

- Үлкен фуралардың бәрі қалаға кірмейді. Бұрын мына жол бәрі қаламен, қаланың ішімен өтетін. Қазір бірден Павлордарға, Нұр-Сұлтанға кетеді.

Жоғарыда айттық, «Орталық-Оңтүстік» дәлізі бірнеше бөліктен тұрады деп. Соның бірі – «Қарағанды-Балқаш» учаскесі. Ұзындығы 363 шақырым. Биыл кейбір бөлігі пайдалануға беріледі. Хош. «Балқаш-Бурылбайтал» бағытында да құрылыс қарқынды. Жалпы ұзындығы 288 шақырым болатын бұл бағытта да жұмыстың тең жартысы аяқталған.

Серік Имашев, «Балқаш-Бурылбайтал» жобасының жетекшісі:

- Биыл «Балқаш-Бурылбайтал» бағытында алғашқы үш учаскені пайдалануға береміз деген жоспар бар. Осы кезге дейін 120 шақырымның бір бағытына жол төселді. Құрылыстың бәрі халықаралық стандартқа сай жүргізіліп жатыр.

Чжен Ванлу, Қытайлық компанияның өкілі:

- Біз салып жатқан жол 4 қабаттан тұрады. Бірінші қабатының қалыңдығы 13, екіншісі 12, үшіншісі 10, ал, төртінші қабаты 5 сантиметр. Екі жыл кепілдік береміз. Жол салуда тәжірибеміз мол. Осы кезге дейін Шымкент жақта жол төседік. Ешқандай шағым жоқ. Ал, Қазақстаннан бөлек, Африкада және Оңтүстік Азияда жол салдық.

Бұл – «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің «Меркі-Бурылбайтал» бағыты. Биыл мұнда Шу айналма жолы және «Хантау-Бурылбайтал» аталатын учаске пайдалануға беріледі. Жалпы «Меркі-Бурылбайтал» жолының құрылысы келесі жылы толықтай аяқталмақ. Бүгінде көпірлердің өзі 90%-ке дайын.

Айжан Туғанова, «Qazavtojol» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры:

- БұлШу қаласының маңы. Мұнда жол айрық салынып жатыр. Шу айналма жолының ұзындығы 32 шақырым болады. Құрылысы 2019 жылы басталды. «Меркі-Бурылбайтал» арасы 262 шақырым. Бюджеті 89 миллиард теңге. Бүгінде бір компания жұмыстың 70, ал екінші компания 50%-ін аяқтады.

Атап өтейік, «Орталық-Оңтүстік» дәлізі «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында салынып жатыр. Ел жүрегі елорда мен оңтүстік аймақты жалғайтын дәліздің құрылысы 2023 жылы аяқталады.

Талғат Смағұлов, «Qazavtojol» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Осы «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің бойында 10 шақты жол айрық, мал өтетін 55 өткел, 10-ға жуық көпір салынып жатыр. Бүгінде жұмыстың 60%-і аяқталды. Мердігер компаниялар екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. 19 құрылыс базасы, 22 асфальт-бетон зауыты бар. Тәулігіне 5-7 шақырымға асфальт төселеді. Құрылысқа жергілікті материалдар пайдаланылып жатыр.

Дәліз ақылы болады. Жалпы қазір ел бойынша 4 ақылы автожол бар. Олар: «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қапшағай», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Нұр-Сұлтан – Щучье» тас жолы. Ақылы жолдардың қатары биыл да толыға түспек.

Арман Ещанов, «Qazavtojol» ҰК» АҚ ақылы автомобиль жолдарының бөлім басшысы:

-Биыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытындағы жол учаскелері ақылы болады. Олар «Шымкент-Ташкент», «Шымкент-Қызылорда», «Тараз-Қайнар», «Тараз-Шымкент», «Нұр-Сұлтан-Павлодар», «Қапшағай-Талдықорған» бағыттары. Тарифтер 2013 жылы бекітілді. Сол уақыттан бері ол өзгертілмеді. Биыл ақылы болатын жолдарда да осы тариф сақталады. Тарифті өзгерту жоспарда жоқ. Жеңіл көлікке 1 км 1 теңге жүк көлікке 15 тоннадан асатын 25 теңге тарифтің көтерілуі жоспарда жоқ.

Ел бойынша 4500 шақырым жол салынуда. Мамандардың айтуынша, мұндай көлемде бұрын соңды құрылыс болмаған. «Орталық-Оңтүстік» дәлізінен бөлек, «Өскемен-Талдықорған», «Ұзынағаш-Отар», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Атырау-Астрахань» бағытында да жол салынып жатыр. Үш күн сапарда жүріп, жолға ерекше көңіл бөлініп жатқанына қуандық. Себебі жол елмен елді жалғайтын күретамыр. Жол болса тіршілік бар.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Диас Қобыланбаев