COVID-19: Шымкентте жансақтау бөлімдерінде орын жоқ

Шымкенттегі ковидтен емдейтін стационарлардың жансақтау бөлімдері науқасқа толы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эпидемиологиялық жағдай күн санап ушығып барады. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері мәлімдеді. Соңғы тәулікте жансақтау бөліміне 76 адам түскен. Бақытжан Позиловтың айтуынша, бұл науқастардың дені өзін өзі емдеп, уақыт өткізіп алған. Көбі жағдайы нашарлап, тынысы тарылғанда ғана жедел жәрдем шақыртқан. Өкінішке қарай 26 адам қайтыс болды. Қазір жеке клиникалардың базасында қосымша орындар әзірленіп жатыр. Тақауда орынды 5 мыңға дейін көбейту жоспарланып отыр. Қалада күніге 500-ден астам адам коронавирус жұқтырады.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Өздігінше интернет арқылы, Googleарқылы немесе басқа да таныстарыңыз арқылы ем алуға болмайды. Көптеген науқастарымыз антибиотикті өте көп көлемде алып жатыр. Көптеген сұйықтықтар алып жатыр. Ол көмектеспейді. Бұл вирус! Антибиотик ол бактерияға қарсы. Тұмау белгілері пайда болса, бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгіну қажет.