Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу басталады

1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші іріктеу басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

3 жыл бұрынғы байқаудан ерекшелігі сол, биылғы іріктеуде үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейі тексеріледі. Ол үшін резерке өтем деушілер ресми Қазтест тапсыруы тиіс.

Жалпы, бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу қазан мен желтоқсан айлары аралығында жүргізіледі. Оның алғашқы сатысына 1 мың үміткер қатысады. Бұл кезеңде үміткерлер Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтында жеке кабинет ашып, тіркелуі тиіс. Әр кезеңде жастар ситуациялық тапсырманы орындай отыра білім тереңдігін, сараптамалық ойлау қабілетін, тапқырлығы мен шешендігін дәлелдеуі тиіс. Байқаудың соңғы сатысында тек 50 үміткер Президенттік жастар кадрлық резервіне алынады.

Ерлан Әбіл, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры:

– Ұлттық комиссияның отырысы қорытынды кезең болып табылады. Оның құрамы Президенттің жарлығымен бекітіліген. Ұлттық комиссия қажет болған жағдайда үміткерлерді жүзбе-жүз сұхбаттасуға шақыра алады. Ұлттық комиссияның қорытындысы бойынша елуден аспайтын үміткерді резервке алу туралы шешім қабылданады.