Түркістан облысы: қостөбелік ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқады

Балаларымызды мектепке жіберуге қорқамыз. Түркістан облысындағы Қостөбе ауылының тұрғындары осылай дейді. Себебі білім ұясының бір бөлігінің іргесі сөгіліп, құлаудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шағымданушылар жергілікті биліктен күрделі жөндеу жасауды талап еткенімен, мәселе шешілер емес.

Бұл мектептің іргетасы он жыл бұрын қаланғанымен жағдайы апатты. Тұрғындардың пайымдауынша, білім ошағы кез келген мезетте опырылып түсуі мүмкін. Сол себепті қауіпсіздік ережесін пысқырмайтындардың кесірінен ата-аналар 1 қыркүйекте балаларын мектепке жіберуге қауіптенеді.

Тастан Қуатбеков, Қостөбе ауылының тұрғыны:

– Немере, бала-шағаларды жіберуге қорқамыз. Не болып жатыр? Қандай болып жатыр деп қарап тұрамыз. Ол жаққа жібермеңдер балаларды. Есікті құлттап қойыңдар. Қарайлаңдар деп мұғалімдеріне, директорына ескертіп кетеміз.  

Тұрғындардың талабы бір. Шұғыл күрделі жөндеу жасалса дейді. Ғимараттың қабырғалары әбден жарылып біткен. Сылақ жұмыстарының қашан басталатыны белгісіз. Одан қалды, едендері сынып, кафелі түсіп жатыр.

Жандос Құттымбетов, Қостөбе ауылының тұрғыны:

– Бір жылға жетпей үш қабатты мектепті алты айда бітіріп берді. Топырағын салып, канализациядан су кеткен. Қазір мектеп құлап жатыр.   

Адами әлеуетті дамыту бөліміндегілер мектепті қалпына келтіруге қарсы емес. Бірақ қаржы қолбайлау боп тұр. Демек балаларға жаңа оқу жылын осы ғимаратта қарсы алудан басқа амал жоқ. 

Пернебек Асанов, Төле би ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің маманы:

– Мектептің «Б» корпусында апатты жағдай орын алып отыр. Нақтылап айтатын болсақ, асханасының едендері 25 см-ге дейін шөккен. Сонымен қатар қабырғаларында 10 см-ге дейін жарылу байқалады. Сонымен қатар бірінші қабатындағы еденнің топырағы отырып, соның салдарынан кафель-плиткалары жарылып, жарамсыз күйге түсуде.

Мамандардың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттарды дайындаудың өзіне 7 млн теңге қажет екен. Ал жөндеу жұмыстарына қанша қаражат керектігі беймәлім.

Данияр Сұлтанұлы, Нұрмахан Бекмұратов