СҚО-да ешкі шаруашылығы жандана бастады

Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Светлана Карабанова өңірде алғашқылардың бірі болып, бұл кәсіпке ден қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір күніне 200 литрдей сүтті өңдеп, ірімшік жасайды.

Есің кетсе емес, ебін тапсаң ешкі бақ. Бұл солтүстікқазақстандық кәсіпкер Светлана Карабанованың ұстанымы. Ол өткен жылы Ақтөбе облысынан голландиялық асыл тұқымды, сүтті бағыттағы ешкілерді сатып алған. Әрқайсысының құны – шамамен 400-450 мың теңге.

Светлана Карабанова, кәсіпкер:

– Ешкі сүті саумалдан еш кем емес. Бірақ денсаулық сақтау министрлігі әзірге оны мақұлдаған жоқ. Сондықтан біз қазір сүтке субсидия алмаймыз. Дегенмен сұраныс өте жоғары. Сүтті көңіл күйіне байланысты береді. Олар көбіне сөзімтал келеді. Сондықтан жақсы күтім жасасаң, мол өнім алуға болады.

Иә, төрт түліктің бұл түрі көбіне шем-шөпті таңдап жейді. Сондықтан сүті түрлі дертке дауа. Емдік қасиеті жоғары сусынды тіпті жаңа туған сәбиге де береді. 

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Шаруашылықта бүгінгі күні 200-ге жуық бас бар. Оның 53-і сауынды. Жалпы мұндай ешкілер күніне 6 литрге дейін сүт береді.

Шаруашылықтағылар қазір ешкіні бағып күтуден бөлек, сүтін де өңдей бастады. Шағын ғана цехта ірімшіктің 40-қа жуық түрі қайнатылады.

Мария Серебренникова, ірімшік қайнату технологы:

– Былтыр пандемия басталған кезде арнайы оқуын оқыдым. Бірақ қашықтан. Қазір өнімнің 37 түрін дайындаймыз.Сұраныс өте жоғары. Бұдан бөлек жергілікті халық келіп сүтін алады.

Бүгінде өңірде ешкі шаруашылығымен айналысып жатқандар жоқтың қасы. Сүтінің емдік қасиетін ескерсек оның нарыққа шығатын күні де алыс еемс. Ал қараша айында Светлана Карабанова отандық өніммен Францияда өтетін байқауға қатысуды жоспарлап отыр. 

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Сондай-ақ...