Балам жарылыс болатынын білген жоқ – қаза тапқан Мейіржан Аймановтың анасы

Тараз түбіндегі жарылыста қаза тапқан полковник Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойды. Марқұм қоймада өрт шыққан кезде оқиға орнына бірінші болып аттанған. Қол астында қызмет қылған жігіттермен бірге отпен арпалысқан. Бірақ жойқын жарылыс төңіректі тып-типыл етті.

Ол енді жоқ. Бұл сөзді айту неткен ауыр еді десеңші... Қара жамылған отбасы қайғыдан қан жұтып отыр. Жақын-жуықты жамандық атаулыдан қашан да қалқалап жүретін. Өзгеге қорған болған жанды біз неге қорғай алмадық деп марқұмды білетіндер көз жасына ерік берді..          

Айткүл Айманова, марқұмның анасы:

- Жетіге қарай мен онымен хабарластым. «Балам, жұмысың бітті ме, қайдасың?» деп едім. «Мама, өрт сөндіруге кетіп барамын» деді. Ол жарылыс болатынын білген де жоқ. Өртті сөндіре бастаған кезде жарылған ғой. Балалардың бәрі ұшып-ұшып кетті. Ол 1-2 баланы құтқарыпты. Өзі қайтадан қалған балаларға кіріп кетіпті. Содан шықпады ғой.

Мейіржан қандай еді? Мейірбан болды. Үлкенді құрметтеді, кішіге ізет көрсетті. Оның құтқарушы болатынын қатарластары әлден-ақ білдік дейді. Жаны қалмай жәрдем қылуға ұмтылып тұратын.

Елмира Ізмағамбетова, марқұмның сыныптасы:

- Мейіржанды кішкентайынан білеміз, сол кезде бойында қайраттылық, қаһармандық, әлсіздерге жақтасып, қорғап жүретін еді. Төбемізден жай түскендей боп отыр. Енді өмір сүріп, бала-шағаны өсіріп, қызығын көремін бе дегенде қыршынынан кетіп отыр.

26 жыл. Осынша уақыт өрт сөндіру саласында қызмет қылды. Полковник шеніне дейін өсті. Хабар жеткенде, қол астындағы қызметкерлерін жібере салса болар еді. Бірақ ол тілсіз жаумен соңына дейін алысты.

Юрий Ильин, ҚР төтенше жағдайлар министрі:

- Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Аймановқа Президент пәрменімен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ол оқ-дәрі сақталған қойма тұтанған кезде оқиға орнына бірінші болып барып, өртті сөндіруге тырысты. Өмірі қыл үстінде тұрғанын білсе де, кері шегінген жоқ. Ерлікпен қаза тапты.

Қою-қошқыл түтін будақтап жатқанда бір сұмдықтың боларын білген Мейіржан жақын маңдағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру керек деген тапсырма берген. Сөйтіп, 700-ден аса адамды Таразға қарай жөнелтіпті. Ол алдымен өзгені ойлайтын. Бұл жолы да сөйтті. Амал нешік... Марқұмның артында бес бірдей баласы қалды.

Дастан Сейілханұлы, Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы

Еске сала кетейік26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Бүгін қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына бағышталып құранхатым оқылды.