Тараздағы жарылыс: Президент кінәлілерді анықтауды тапсырды

Қайғылы оқиғаға байланысты Президент Премьер-министр, құқық қорғау, қорғаныс, қауіпсіздік және басқа да күштік құрылымдардың басшыларын шұғыл жинады. Жауаптыларға төтенше оқиғаға байланысты бірнеше шара қабылдауды тапсырып, кінәлілерді анықтауды бұйырды. Екі жыл бұрынғы Арыс оқиғасына да оралды. 

Ауыр. Өкінішті. Кешегі қаралы хабар қабырғаны қайыстырып кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–Қарулы Күштеріміздің оқ-дәрісі сақталатын қойманың бірінен өрт шықты. Артынан бірнеше жарылыс болды. Жергілікті тұрғындар аман-есен. Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін.

Бар күшті жұмылдырған құрылымдардың арқасында қазір жағдай бақылауға алынды. Алайда ахуал күрделі. Жарылыстан кейінгі өрттің салдары қиынға соқты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–Көптеген азамат баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Елді мекендердің инфрақұрылымына зақым келіп, бірқатар ғимараттар қирап қалды. Осыған байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Бірақ әлі де қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек.

Орталық және жергілікті органдар үйлесімді жұмыс істеуі керек. Президент осы орайда қажетсіз кедергілерді жойып, уақыт оздырмауды бұйырды. Ең бірінші ауыл тұрғындарының үйлеріне қайтуына жағдай жасау қажет. Бастысы үреуге бой алдырмаған жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–Кеше твиттер арқылы жалпы жағдай бақылауда екекенін хабарлап, Тараз бен ауылдардың тұрғындарын сабырлы болуға шақырдым. Өкінішке қарай, бұл екінші оқиға. Екі жыл бұрын Арыста жарылыс болды. Осы ретте айтарым, қару-жарақ қоймаларында әлі де шешілмеген түйінді мәселелер бар. Арыс оқиғасынан кейін қоймаларға қатысты арнайы тапсырма бердім. Алайда барлығы тиісінше жасалмаған. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажет.

Осыдан соң Мемлекет басшысы лезде атқарылуы тиіс бірқатар шараны атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірінші. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылсын. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Роман Васильевич Скляр басшылық етсін. Роман Васильевич, сізге қазір жиналыс аяқталған соң Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз. Екінші. Қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын. Үшінші. Денсаулық сақтау министрлігі төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырсын.

Президент берген төртінші тапсырма – Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарының мұқият жүргізуі керек. Полиция мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл Мемлекет басшысының бесінші тапсырмасы. Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға оқиға туралы жалған ақпараттың таралуына жол бермеуді міндеттеді.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы

Осы оқиғалар бойынша:

Таразда жарылыс болды

Жамбыл облысында жарылыс жалғасып жатыр

Жамбыл облысындағы жарылыс: Қорғаныс министрінің басшылығымен комиссия жіберілді

Жамбыл облысындағы жарылыс кезінде 32 адам зардап шекті

Тараздағы жарылыс: тұрғындар эвакуацияланып жатыр

Тараздағы жарылыстан 60 адам зардап шекті

Тараздағы әскери қоймада барлығы 6 жарылыс болды

Жарылысқа байланысты жолаушылар пойыздары уақытша тоқтатылды

Тараздағы жарылыстан зардап шеккендер арасында балалар жоқ