Қосшы қаласында шу шықты

Бүгін Қосшыда шу шықты. Жергілікті жұрт жолға жиналып, жанайқайын жеткізді.

Елордадан 3 шақырымда орналасқан Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласының тұрғындары амалымыз таусылғаннан көмек сұрап көшеге шықтық дейді. Олар 4-5 жылдан бері ақысы төленіп қойған баспаналарына бас сұға алмай жүргенін айтады.

Сафура Салихова Қосшы қаласының тұрғыны:

– 2017 жылы ақша салдым. Содан бері күтіп жүрмін. Төрт жыл болды. Тек уәде береді. Білмейміз не болатынын. Ал компания бізбен сөйлеспейді.

Жергілікті билік бұл мәселеден хабардар. Қазір істің тергеліп жатқанын алға тартты. Мансапқа жақында келдім деген әкім, ақ-қараны анықтауға тырысамын деп ашулы жұртқа басу айтты. 

Гайдар Қасенов, Қосшы қаласының әкімі:

– Жағдайды түсініп тұрмын. Барлық жауапты мамандарды алдарыңызға алып келдім. Қазір іс тергеуде. Мен қолымнан келген көмекті жасаймын. Тек әліптің артын бағу керек.

Сағызша созылған құрылыс мәселесі қашан аяқталары белгісіз. Тіпті кей пәтерлер қайта сатылымға қойылған. Яғни бір пәтердің екі иесі бар. Екеуі де ақша салған. Тұрғындар құрылыс компаниясының иесі әлі күнге пәтер сатып жұмыс істеп жүргенін айтады. 

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Диас Қобланбаев