Сыр өңірінде 6 мың дуадақ табиғатқа жіберілді

Қазақ даласында азайып кеткен құсты көбейту жұмыстары соңғы 10 жылдан бері жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан мен Араб Әмірлігінің бірлескен жобасы аясында мыңдаған дуадақ ұшырылды. Құстың балапандары Шымкент қаласындағы тұқымбақта өсірілген. Шөл даланы мекендейтін құс жылан және құртпен қоректенеді. Сондықтан оңтүстік өңірге тез бейімделеді. Ен далаға қанат қаққан құстардың әрқайсысы нөмірленген. Сол арқылы олардың тіршілік ету ортасы туралы мәлімет жинақталып, ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Бұл жұмыстар елдің өзге өңірлерінде де жалғасын табады дейді мамандар.

Кенжеғазы Нұрылдаев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

– Сарысудың бойына қарай жіберіп жатыр, екінші топ Қызылдың шұбарына қарай жібереді. Сосын Арал, Қазалыға да жібереміз деп жатыр. Қазір жіберіп жатқандарының аяғында сақина және нөмірі бар. 4 мың ұрғашы, 2 мың аталықтарын жіберіп жатыр.

Берік Жорабеков, «Охотзоопром» РМҚК филиалының басшысы:

- Дуадақ - жалпы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген құс. Қандай да браконьерлік жолмен атып алған жағдайда 700 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады. Қазіргі есеппен 2 млн теңгенің үстінде. Және заңсыз атқаны үшін барлығы 9 млн теңгенің үстінде айыппұл салынады және 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралған.