Ақтаулық судья 250-ден астам некені сақтап қалған

Отау құрып, көңілі жарасқанның бәрі шаңырағын тіктеп отырған жоқ. Ажырасқандар көп. Көбейіп те барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

22 жыл сот саласында қызмет етіп жүрген Анар Толықбаева тіпті бір аптада 5 отбасын татуластырыпты. Қалада «Отбасы орталығының» ашылуына да ұйытқы болған.

Отбасындағы жағдай ушыққаннан кейін Серік пен Аружан ажырасуды ойлапты. Қаржылық тапшылық та бір бүйірден қысқан. Шиттей 4 баланың қамын ойлаған келіншек шаңырағын сақтап қалудың амалын іздеп, осы орталыққа келіпті. 

Аружан Болатова, қала тұрғыны:

– Дауымыз шүйлікпеу үшін сотқа жүгінгім келмейді. Балалардың жетім болғанын қаламайсың ғой, бір жағы жоқ. Толыққанды отбасында тұру үшін жүгіріп жүрмін. Кикілжіңнің бастауы – жалақысы азғантай, балаларды асырауға жетпейді. Судья тағы келіп, психологпен жұмыс істеуге кеңес берді.

Орталықта отбасылар тегін кеңес алады. Білікті психолог, заңгер мен медиаторлар бар. Мамандарға алдын ала жазылу керек. Соның бірі – татуластырушы судья Анар Толықбаева әр отбасыға 2 сағат уақыт арнайды. Нәтиже жоқ емес. Орталық ашылғалы 250 жанұяның некесін сақтап қалыпты. 

Анар Толықбаева 22 жылдан бері сот саласында еңбек етеді. Судья болғалы азаматтық істерді қарайды. Жылдан жылға ажырасудың көбейіп бара жатқанын айтады.

Анар Толықбаева, судья:

– 1 жыл болмай ажырасуға арыз бергендер бар. Көптеген негіз ішімдікке беріліп кетеді, балаларының заттарын, жұбайының затын сатқан жағдай болады. Ойынға салынып кетеді, еңбекақысын сол жаққа жұмсайды, өзінің отбасына емес, сосын ата-енеміз араласады дейді.

Биыл облыста ажырасу үшін 989 жұп сотқа арыз түсірген. Оның жартысына жуығы қаралған. 300-і сотқа жеткізбей, өазара татуласыпты. Өкінішке қарай, 100-ден отбасы бұзылған. 

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев