Қасым-Жомарт Тоқаев ғасыр жасаған соғыс ардагері Қайырлы Жонқабаевты құттықтады

Әйгілі Панфилов дивизиясының көзі тірі соңғы жауынгері, соғыс ардагері Қайырлы Жонқабаевты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл 100 жасқа толған майдангер Алматыда тұрады. Ғасыр жасаған жауынгерге Президенттің жылы лебізін қала әкімі жеткізді. Соғыс ардагері мерейтойында Алматы қаласының құрметті азаматы атанды.

Қайырлы Уатайұлы ғасыр жасауының себебін салауатты өмір салтын ұстауымен байланыстырады. Расында ол кісі жастайынан спортты серік етіп, бойын жаман әдеттерден аулақ ұстаған. Қазір де өзі жүріп-тұрады. Тіпті араға қаншама жылдар салса да, майдан даласындағы оқиғаларды ұмытпаған.

Қайырлы Жоңқабаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Біздің әскеріміз қарашаның аяғы, желтоқсанның басында Мәскеуде немісті қуалап, 150-200 шақырымға апарды.

Президенттің ыстық ықыласын майдангерге қала әкімі жеткізіп, «Еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.

Қайырлы Жоңқабаев 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 20 жасында соғысқа аттанады. 1941 жылы Панфилов дивизиясының 23-гвардиялық полкіне алынып, пулеметші болған. Беларусь, Польшаны, Эстонияны азат етуге қатысқан. Әрқашан Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болғанын да құрметпен еске алады. Ол  «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және көптеген медальдардың иегері. 100 ге келген абыз қария өзін құттықтап келгендерге ақ батасын берді. 

Қайырлы Жоңқабаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Елімізде тыныштық болсын. Келешектерің зор болсын. Дендерің сау болсын. Аман-есен болыңдар.

Қазір қария балаларым, немерелерім мен шөберелерімнің арасында бақытты өмір сүріп жатырмын. Олар маған жақсы күтім жасайды. Бастысы елден інден кетіп, тыныштық заман болсын деп тілейді. Биыл сұрапыл соғыстың аяқталғанына 76 жыл толды. Елімізде осы қан майданға қатысқан 665 ардагер бар. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов