БҰҰ-да Семей полигонының жабылуына арналған экспозиция ашылды

Бүгін БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына арналған ерекше экспозиция ашылды.

Бас Ассамблеяның жоғары апталығы аясында ұйымдастырылған фото-көрмеде Семейдегі ядролық сынақтардың адамзат баласына келтірген қатерлі зардабы мен салдары анық бейнеленген. Осы орайда еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, БҰҰ Бас Хатшысының Жаһандық коммуникациялар жөніндегі орынбасарына Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың полигонды жабу туралы жарлығының көшірмесін сыйға тартып көрменің маңыздылығына тоқталды. 

Мелисса Флеминг, БҰҰ Бас хатшысының жаһандық коммуникациялар жөніндегі орынбасары:

– Мұндай көрмелердің маңызы зор. Өйткені осындай шаралар арқылы ядролық сынақтың адамзатқа және қоршаған ортаға тигізетін зиянын анық көруге болады. Қазақстан қарудан бас тарту арқылы өзге елдерге үлгі болып отыр.

Көрмеге келген қонақтар еліміздің ядролық қарудан бас тартуы өзге мемлекеттер үшін үлгі болатынын мәлімдеді.

Изуми Накамицу, БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану мәселелері жөніндегі орынбасары

– Көрмеден ерекше әсер алдым. Жалпы, Қазақстанның Семей полигонын жабуы батыл шешім. Әлемдік қауымдастықта бұл бастама туралы көп айтылады. Алдағы уақытта Қазақстанмен бірге ядролық қарусыздандыру жолында тәжірибе алмасып, бірге жұмыс істейміз деп ойлаймын.