СҚО-да қоғамдық көлік иелері адам тасымалдаудан бас тартты

Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық көлік қатынасы уақытылы жүрмей жатыр. Өңірде дизельдің күрт қымбаттауынан кәсіпкерлер шығынға батты. Олар жолаушы тасымалдаудан бас тартып отыр. Салдарынан бүгін жүздеген қала тұрғыны жұмысына кешігіп қалды. 

БЛИЦ:

- Солярка есть?

- Нету.

- Дизтопливо подорожало. Щас за наличку тяжело заправится.

- Солярка, да подорожала. Автобусы кушают много. 

Дизельдің күрт қымбаттауы тасымалдаушыларды да тығырыққа тіреді. Облыс орталығындағы жанармай бекеттерден сұйық отын құя алмаған автобустар бүгін жолға шыққан жоқ.

Ну вот и все работали 5 лет. Ставим автобусы. Не выгодно стало. 

Номері 25-бағытқа қатынайтын автобустың көбі жолаушы тасымалдаудан бас тартты. Жүргізушілердің айтуынша, кәсіпкерлер шығынға бата бастаған. Ал жол ақысы – 80 теңге. Тариф 2016 жылдан бері өзгермеген.

Руслан Ысқақов, жүргізуші:

 - Күнде кешкісін дизель іздеп қала кезіп жүреміз. Станциялардың бәрі арнайы талон сұрайды. Кейде мүлдем таппай қаламыз. Салдарынан біздің 25-маршруттағы бірнеше автобус жұмысын біржола тоқтатты.

Аялдамаларда автобус күтіп тұрған жолаушы көп. Ал таңсәріде тұрғындар жұмысқа, студенттер оқуға кешігіп, діттеген жерлеріне уақытылы жете алмады.

Юлия Дохненко, қала тұрғыны:

- Тоңуға айналдық. Күн болса суытты. Бұрын автобустар 5 минут сайын келетін еді. Қазір күтіп тұрғанымызға міне 15 минуттан асты.

Бүгінгі күні өңірде дизельдің бір литрі 255 теңге. Баға тұрақталмаса, қоғамдық көліктер түбегейлі тоқтауы мүмкін. 

Галина Семенова, «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының төрағасы:

- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, кәсіпкерлік басқармасындағылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бір шешімге келеміз деген ойдамыз. Егер мәселе шешілмесе 4-5 күннен кейін барлық автобустар бір жола тоқтайды. 

Қазір облыс орталығында автобустар 26 бағыт бойынша қатынайды. Олардың көбі әлі субсидия алмаған. Себебі қоғамдық көлікте қыркүйектен бастап электрондық төлем енгізілді.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов