AMW: Мектеп бағдарламасына жалған ақпаратты ажырату курсы енгізілуі мүмкін

Мектеп бағдарламасына жалған ақпаратты ажыратуға үйрететін курс енгізілуі мүмкін. Мұндай ұсыныс бүгін басталған Астана медиа апталығы аясында айтылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл ақпараттық сауатсыздықпен күреске бағытталған бірден-бір бір стратегия болмақ. Медиа саласының мамандары бас қосқан жиында тағы қандай мәселе көтерілді?

Әлеуметтік мәселенің шешімін табуда ақпарат құралдарының тиімділігі баршаға аян. Өкінішке орай, рейтинг қуған уақытта адам құқығын бұзатын олқылықтарға ара-тұра жол беріледі. Сондықтан отандық журналистердің кәсіби біліктілігін әлі де жоғарылату қажет. Салалық министрлік бұл бағыттағы жұмысын бастап кеткен. Бұл жөнінде ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева атап өтті. Тағы бір мәселе блогерлер жауапкершілігіне қатысты. Өзекті мәселеге қатысты контентті әлеуметтік желіде жариялаған кезде әдеп сақтамайтын блогерлер болады. Министр олардың әрекетін заңмен шектеу керек дейді.

Аида Балаева, Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Шектелу деген оның барлығын жаңағы мынау фейсбукті өшіріп, ия болмаса инстаграмды өшіріп тастау мәселесі емес, ең бастысы, әр адам әлеуметтік желіде болсын, ақпараттық құралдарда болсын жауапкершілігін сезінуі керек. Өйткені оның беріп отырған ақпараты тікелей осы қоғамға әсерін тигізіп отыр. 

Осы ретте министр бұқаралық ақпарат туралы заңға бірқатар өзгеріс енгізу мәселесін де тілге тиек етті. Хош, тілшілердің қызметін реттеу айтарлықтай қиын емес. Алайда бүгінде қолында смартфоны бар кез келген азамат оқиға орнында жедел ақпарат тарата алады. Мұндай азаматтық журналистика өкілдерінің этикалық дәрежесін көтеру оңайға түспейді. Сол себепті қоғамдағы ақпараттық надандықты жоюдың ауқымды стратегиясын қолға алған абзал.

Саясат Нұрбек, BTS EDUCATION ұйымының бас директоры:

– Екі стратегия болуы керек. Бірінші стратегия бұл мектептен бастауымыз керек. Өкінішке орай, бұл жедел, қысқа жеңіс болмайды, осы мектептен бастауымыз керек. Мектепте қазір ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық біліктілік деген курсты енгізуіміз керек. Сарапшылар ретінде ондай курсты дайындауға дайынбыз.

Ақпарат саласындағы бұл стратегия ойдағыдай іске асса, халықтың жалған ақпаратқа еруі азаймақ. Саясат Нұрбектің айтуынша, оның нақты өлшемі де бар: ол жалған мәліметтің әлеуметтік желіде таралу жылдамдығымен өлшенеді. Ақпараттың таралуы бәсең болса, қоғамның оған иланғаны екіталай деген сөз.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Ақпарат таратуда адам құқығын сақтау, әлеуметтік желі арқылы тарайтын жалған ақпараттың жолын бөгеу. Бұл Astana Media Week аясында талқыға түскен тақырыптың бір сыпырасы ғана. Екі күнге жалғасатын халықаралық пікір алмасу алаңында медианың даму стратегиясы, деректі фильм өндірісі, арналардағы графикалық дизайнға қатысты тың ойлар сарапқа салынады. Тұшымды пікірін ортаға салатындар қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның медиа мамандары бар.  

Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев