Еліміздің солтүстік аймақтарында егін орағы аяқталды

Диқандар күн райы құбылмай тұрып, астықты қамбаға құйып үлгерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, жиналған өнім жылдағыдан едәуір аз. Мамандар түсімге жазғы құрғақшылық себеп болғанын айтады. Енді бұл нан бағасына әсер ете ме?

Биылғы жыл ақмолалық диқандар үшін оңай болмады. Жаздың ыстығынан егістіктің біраз бөлігі қурап кетті. Қуаңшылық әсіресе, Жарқайың, Жақсы, Есіл және Атбасар секілді өңірдің оңтүстік аудандарына қатты әсер етті. Салдарынан жалпы өнім жылдағыдан 1 млн тоннаға аз. Былтыр 5 млн тоннадан астам астық жинаған аймақ осы жылы қоймаға 4 млн тоннаға жуық дәнді дақыл кіргізді.

Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Аз болса да оның сапасы жақсы. Бидайдың желімтігі қазір 30-дан асып тұр. Негізі дейміз, 760-780 болып тұр қазіргі таңда. Бидайдың 80-90%-інің сапасы өте жақсы.

Солтүстік Қазақстан облысында да егін орағы толықтай дерлік аяқталды. Аймақ диқандары қазір 3 млн 200 мың тонна бидай жинады. Орташа шығым гектарына 11 центнерден келеді. Мұнда да өнім былтырғыдан аз. «Ал, бұл алдағы уақытта нанның да өзіндік құнына әсер етпей қоймайды», - дейді мамандар.

Мейрам Меңдібаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Бүгінгі таңда элеваторлар 600 мың тонна бидай қабылдады. Оның 90%-і үшінші класқа жатады. Жалпы егін орағы аяқталып қалды. Қазір кейбір шаруалар соңғы алқаптарын жинап жатыр.

Ал, бидайдың бағасын қазір мемлекет тоннасына 103 мыңнан 107 мың теңге аралығында деп бағалап отыр. Диқандар «сары алтынға» сұраныс көбейіп, бағасы көтерілсе, оны шет елдерге де сатуға ниетті. Бірақ бұл біздегі астық пен нанның бағасын қаншалықты шарықтатып жіберерін ешкім дөп дасып айта алмады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдарбек Айтмұхаметов, Төлеген Иманов, Анатолий Полянный