Қазақстандық оқушылар арасында бір реттік вейптерді қолдану екі есе өскен

Қоғам жанашырлары дабыл қағуда. Бір реттік вейптердің мәселесі көпті елең еткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде мұндай өнімді сертификаттау бойынша талаптар әлі де жоқ. Олардың құрамын ешкім бақыламайды. Дәрігерлердің айтуынша, оларда психоактивті заттар мен ауыр металдар болуы мүмкін. Сорақысы сол, олар мектеп оқушылары арасында кеңінен қолданыла бастады.

Бүгінгі ақпаратқа сәйкес бір реттік темекілерді сатуға тыйым салынуы мүмкін. Еліміздегі құқықтық акт порталында никотині бар өнімдерге қойылатын талаптар туралы техникалық-құжат регламент орналастырылды. Енді олар арнайы сертификатталып қана елге жеткізілуі мүмкін.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Қазақстанда әлі күнге дейін бір реттік вейптерге зерттеу жүргізілген жоқ. Сондай-ақ олар ешқандай сертификатсыз әкелінеді. Құрамына қатысты дәрігерлердің пікірі тіпті көңіл көншітпейді. Себебі оларда ауыр металдардан психоактивті заттарға дейін кез келген нәрсе болуы мүмкін.

Маншүк Жақсылықова, нарколог:

- Біріншіден, құрамында никотин бар. Темекі шегу кезінде вейптағы будың бақылаусыз ингаляциясы никотиннің ағзаға түсуін қадағалау мүмкіндігінен айырады. Әрине, біз тәуелділіктің болуын жоққа шығара алмаймыз. Егер адам темекіні мөлшерлей алса, күніне көп темекі шегетіні бақылауға болады. Ал мұнда мүлде белгісіз. Сонымен қатар олардың құрамында ауыр металдар көп. Еуропа сарапшылары вейптарда психоактивті заттар бар екендігі туралы ресми мәлімет берген.

Еліміздің ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының берген мәліметіне сүйенсек, оқушылар арасында электронды темекі тартудың белең алғанын байқауға болады. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, 11 жастан 15 жасқа дейінгі темекі шегетін жасөспірімдердің саны 3 есеге, ал қыздар арасында 2 есеге өскен. Оң-солын әлі танымаған жасөспірімдердің түтінге құмартуы олардың қолжетімділігімен байланыстырады. Қазір кез келген дүкен сөресінен самсап тұрған бір реттік темекіні табуға болады. Сорақысы сол, зиянды заттың иісі мүлде шықпайды. Балаңыз түзде темекі тартып жүр ме жоқ па білмей де қалуыңыз әбден мүмкін.

Жамиля Садықова, «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» қозғалысының көшбасшысы:

- Темекіні 4 айдан бері жабық сөреге салып сату оң нәтижесін берді. Сол секілді осы бір реттік вейптерді сатуды қадағалау керек. Кейін өте кеш болуы мүмкін. Сатушылар мен бизнесмендер вейптерді ашық саудада сатуды доғаруы керек деп ойлаймын.

Алайда, мектеп оқушылары тек дүкендерден ғана емес, әлеуметтік желілерден де тапсырыс беріп сатып ала алады. Олардың жасын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Көбінесе бір реттік темекілер Қытайдан әкелінеді. Сертификаты жоқ заттың никотин дозасын да ешкім бақыламайды. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай өнімдерге арналған техникалық регламентті енді ғана әзірлей бастаған.

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ ресми өкілі:

- Бұл заң жобасы бүгінгі таңда әзірлену сатысында. Оны қарау үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтарға жіберілетін болады. Жария талқылау үшін ортаға салу да жасалынатын болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вейп бойынша өз ұсыныстарын жасады. Мысалы, оларда хош иістерді пайдаланбау керек екенін алға тартты. Сонымен қатар жарнамасына да тыйым салу ұсынылды.

Айта кетейік, бір реттік темекілерге әлемнің 25-тен астам елінде тыйым салынған.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ерлан Наурызбаев