«Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына резервтік жүйе салу керек

Шалғай ауылдарды таза сумен қамту жобасы алғаш рет Аралда жүзеге асты. Кеңестік кезеңнен қалған бетон құбырлардың тозығы жетіп, тоқырау жылдары сусыз қалған тұрғындарға тіршілік нәрін жеткізу үшін Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры тартылды. Оны 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге арнайы келіп салтанатты түрде ашты. Содан бері Арал мен Қазалы аудандарының 70-ке жуық елді мекені желіге қосылды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында коммуналдық салаға құйылған инвестицияның алғашқы легі де осы Аралға бағытталды. 

Жерасты су көзінен жүздеген шақырым құбыр салынып, 200 метрге жуық тереңдіктен тіршілік нәрін тартатын 30 ұңғыма қағылған ірі жобаны шетелдік қор қаржыландырды. Арал-Сарыбұлақ су құбыры бүгінде толық қуатына көшіп, биыл рекордтық өндірістік көрсеткішке жетті.  

Ислам Қапаров, өндірістік бөлімше басшысы:

- Осы уақытқа дейін 20-21 мың текше су берсек, биыл тәулігіне 24 мың текшеге дейін беріп отырмыз. Соның 50%-ін Арал, 50%-ін Қазалы ауданы пайдаланады. Сондықтан жыл сайын халықтың пайдалануы көп болып отыр. Себебі бізде аяқсу жоқ болғандықтан осы суды шаруашылыққа да, бау-бақшаға да пайдаланады. 

Қазір қос ауданның 130 мыңнан астам халқына сапалы ауыз су үздіксіз берілуі үшін 280 маман күндіз-түні тер төгіп жүр. Ондаған насостық бекеттер мен мыңдаған шақырымға созылған магистральді және ішкі желілерді қадағалау да сол сушылардың мойынында.

Ербол Мәмбетжанов, өндірістік бөлімшенің аға шебері:

- Авариялық жағдай болып тұрады. Жарық сөніп қалады кейде. Ол кезде дизель генераторымыз бар насосқа тоқ беретін. Әр ұңғымаға бір-біреуден 5 генератор бар. Соны қосып, уақытша айдап отырамыз. 

Дегенмен ірі жобадан тыс қалып, тасымалдап немесе шахталық құдықтан су ішіп отырған оншақты ауыл бар. Осы ретте республикалық бюджет қаржысына Қосаманнан әрі Ақбастыға 120 шақырымдық құбыр тарту жұмыстары басталып кетті. Теңіздің арғы бетінде орналасқан елді мекен орталықтандырылған жүйеге келесі жылы қосылады.

Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:

- Сонымен қатар Тоқабай-Абай бағытында да биыл қаржысы қарастырылып тұр 100 млн теңге. Ол бағыттағы жұмыстарды да биыл бастаймыз. Сол кезде тағы 7 елді мекен қалады. Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін 100% елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар.

«Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына соңғы 3 жылда 10-нан астам ауыл қосылды. Әлі тағы тармақтар тартылады. Жалпы айтқанда қос аудан бір магистральді желіге қарап отыр. Егер ол жарылып, апаттық жағдай орын алса жанама су жіберетін қосымша құбыр жоқ. Сондықтан сушы-мамандар енді резервтік жүйе салу керектігін айтады.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев

Сондай-ақ...