Қазақстанда 5G желісін іске қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады

Қазақстанда 5G ғаламтор желісін іске қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдымен аса жоғары жылдамдықтағы интернет сервисі еліміздің ірі қалаларында пайда болады. Бұл жөнінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Ол қазіргі кезде байланыс операторлары Нұр-Сұлтан және Алматының кей жерлерінде 5G желісін тесттен өткізіп жатқанын, алғашқы өлшемдер жақсы нәтиже көрсеткенін айтты.

Осыдан бір ай бұрын ғана еліміздегі ұялы байланыс оперторларының бірі «Алматыдағы Панфилов көшесінде 5G интернетті қостық» деп сүйінші сұраған. Жалпы 5G мобильді интернеті бүгінде кеңінен пайдаланылатын ғаламтордан 10 есе жылдам. Дегенмен, әзірге сынақ ретінде ғана қосылды. Сондықтан абонементтердің бәрі оны қолдана алмайды.

БЛИЦ:

- 5 джи ұстаса жақсы болар еді. Ойындарды ойнай алмай жүрмін. Интернетте күніге 8-9 сағат отырамын.

- Негізі 5 джи таралатын болса Алматы тұрғындарына өте жақсы болар еді. Себебі қазіргі жастардың барлығы интернет қолданады. 

- Әрине ғаламтор желісінің жылдамдығы артқаны жақсы. Кейбір адамдар одан радиациялық сәуле тарап, денсаулыққа кері әсер етеді дейді. Бірақ мен оған сенбеймін. Бүкіл әлем ғаламторды пайдаланады. Оны жетілдіруді көздейді. Біз бұл технологиялық дамудан шет қалмауымыз керек. 

Мамандардың пікірінше, смартфондар мен гаждеттердің барлығы 5G желісінде жұмыс істей алмайды. Ол үшін өндіруші компаниялар өз ұялы телефон модельдеріне  жаңа функциялар мен ақпараттық қосымшалар енгізіп, сертфикациядан өтулері керек. Ал қазір ел кеңінен қолданатын 4G пайда болғанда мұндай қажеттілік болмаған еді. Яғни бұл технология қолжетімді болу үшін өндіруші мен ұялы байланыс операторы арасында өзара келісім жасалуы керек. Жалпы 5G коммерциялық қолданысқа 2022 жылдың аяғына қарай Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Зульфия Құдайбергенова, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің телекоммуникация комитеті басшысының орынбасары: 

- 5G желісі телекоммуникацияның, экономиканың дамуына оң әсер етеді. Дерек алмасу жеңілдеп, желілік инфрақұрылым қалыптасады. Бұл бағытта біз Оңтүстік Корея, Жапония мен Еуропа елдерінің тәжірибесіне сараптама жасадық. Жылдам ғаламтор арқылы  өндіріс, денсаулық, ауылшарушылық, кәсіпкерлік салаларын жетілдіруге болатындығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

5G желісі секундына 3 Гбит жылдамдықпен тарайды.

Министрлік өкілінің айтуынша, интернетке қосылу ақысын ұялы байлыныс операторлары белгілейді. Бұған қоса қоғамда 5G желісінің станцияларынан тарайтын электромагниттік сәулелер адам ағзасына зиян деген пікір де жоқ емес. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұны жоққа шығарып отыр. 

Зульфия Құдайбергенова, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің телекоммуникация комитеті басшысының орынбасары: 

- Базалық станцияларды іске қосар алдында жобалық материалдардың тазалығын, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі тексеріледі. Яғни оларды орнатпас бұрын тұрғындар денсаулығына жауапты құзырлы мекемелердің рұқсаты алынады.

Бүгінгі өмір қалпын ғаламторсыз елестету қиын. Интернет қоғамның барлық саласына енді, әлі де енгізіліп келеді. Сондықтан жоғары жылдамдықтағы 5G желісі кез келген шаруаны шапшаң атқаруға мүмкіндік береді. Ал ұялы телефоны барлар осы технологияның арқасында сапалы бейнелерді көріп, көлемді қосымшаларды санаулы сәтте жүктей алады. Ең бастысы, бұл еліміздегі цифрландыру қарқынын артырып, технолгиялық дамуға маңызды қадам жасайды дейді мамандар. 5G желісі 2023-2025 жылдары аралығында облыс орталықтарында да қолжетімді болады. 

Алмас Садуақас, Валентин Лобанов