Павлодар облысының қарттары компьютердің қыр-сырын меңгермек

Олар үшін арнайы курстар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аға буын өкілдерін студенттер қауымы қамқорлыққа алды. Олар қарияларға гаджеттермен жұмыс істеуді үйретеді. Қазіргі уақытта бірнеше топ жасақталып үлгерген.

Қарттар смартфон мен ғаламтордың бар мүмкіндігін пайдалана білу керек. Әсіресе, интернеттегі алаяқтардың ауына түспеу үшін сауаттылық қажет. Осыны мақсат еткен студенттер тегін курстар туралы хабарлама таратып, топ жинаған. Жастар бір емес, үш топ жасақтады. Себебі компьютерлік сауаттылығын көтергісі келетіндер көп.

Қарттар өздерін  партаға алғаш рет отырған оқушы ретінде сезінді. Мазалаған сұрақтарын қойып, сабақта белсенділік танытуда.

Зейнеткер Наталья Александровна – үлгілі шәкірттердің бірі. Заман көшінен қалғысы келмейтін ол қолайлы интернет платформалармен жұмыс істеп, интернетте сауда-саттық жүргізуді үйренбек ниетте. Электронды үкіметтің де игілігін көргісі келеді.

Наталья Колодина, зейнеткер:

- Курстардың тиімділігі болады деп ойлаймын. Біздің топтағы адамдардың деңгейлері әр түрлі. Бірі компьютердің құлағында ойнаса, екіншілері компьютермен хат та жаза алмайды. Оның барлығын үйреніп аламыз деп ойлаймын.

Курс ашу бастамасын жергілікті студенттер жандандырған. Олар бұған дейін қарттардың қатысуымен өткен түрлі жобаларлы жүзеге асырған. Тәжірибе болғандықтан, компьютерлік сауаттылық сабақтарын жүргізуді қолға алған. Идея қолдау тапқан соң, жастар іске кірісті. Жұмыс кестесін құрып, тыңдаушыларды жинап алды.

Аяулым Төлегенова, студент:

- Егде жастағы адамдарымызды, яғни 40-80 жасқа дейінгі үйрету болып саналды. Қазір мобильді қосымшалар көп, әлеуметтік желілер бар. Ол кісілердің білімдерін арттыру, сондай-ақ заманға сай тұлға болуын қалыптастыру керек. Үш топ жиналды. Төртінші топты да толтыру ойда. Себебі адамдар саны артқан кезде бізді жазыңызшы, қалғымыз келмейді, үйренгіміз келеді дейді. Қуаныштымыз. Бұл біз үшін жетістік.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоңырау шалып, курсқа жазылғысы келетіндер саны күн сайын артуда. Олардың барлығын қамту мақсатында арнайы әдістеме жасалуда. Мақсат – қарттарды ғаламтордың белсенді қолданушысына айналдыру.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат