Тұрғындар тоқтаусыз жауған жаңбырдан батпаққа батты

Шымкент іргесіндегі «Ынтымақ-2» шағын ауданының халқы орталыққа қатынай алмай қалды. Тоқтаусыз жауған жаңбыр салдарынан тұрғындар лай-батпақ ортасында қалды. Газ және ауызсу құбырын тартқан мердігерлер көшені қопарып тастаған. Соның кесірен көше иіген қамырдай иленіп жатыр. 

Өркениет игілігіне жарымаған жұрт жол азабын тартып келеді. Күн жылынып, жаз шықса шаңнан көз ашпайды. Жаңбыр жауып, салқын түссе, көше лай батпаққа айналады. Ал бұл мұндағы халықтың бас ауруына айналған ортақ мәселе.

«Алдағы күнімізге алаңдаймыз» деген тұрғындар көшенің көркі қашты дейді. Мектепке қатынай алмаған балалар мен жұмыстан кешіккен өздері мезі болған мәселесін тағы да көтерді. Себебі күнде көретін көшенің көрінісі осы.

Еркінай Иманбердиева, қала тұрғыны:

– Бізді қалада тұрады дегені болмаса жағдайымыз ауылдан да төмен. Лай болғанда аяғымызға пакет киеміз. Ол пакеттің де лайға сырғып кететін уақыты болады. Лайға құлап та қаламыз. Бірінші жаңбырдың өзінде осындай болып тұр.

Қазір бұл шағын ауданға мердігер мекемелер инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуде. Сондықтан жолдың ойдым-ойдымы шыққан. Ал жергілікті тұрғындар басталған іс оңды атқарылса дейді. 

Мақсат Асқарбаев, қала тұрғыны:

– Су мәселесі шешеміз деп жерді қазып-қазып кетті. Шлангаларының жыртылып жатыр. Газ жүргіземіз деп жерді қазып жатқандар оны жыртып-жыртып кетіп жатыр. Оны қайта жалғап кетіп жатқанымен ертеңгі күні не болатынын білмейміз.

Әзірге мұнда көгілдір отын құбыры тартылмаған. Сондықтан халық күн суыған соң, көмір жағуға кірісті. Ал жекенің меншігіндегі газ бағасы қымбат.

Жұрт «Темірші әулие» деп танитын бұл аймақ қала іргесінде орналасқан. Тұрғындар қоғамдық көліктің қатынауын да мәселе барын жасырмайды.

Абай ауданына қарасты «Ынтымақ 2» шағын ауданның қордаланған мәселелерін жергілікті әкімдік өкілдері көзбен көрді. Мұнда халыққа қолайлы болу үшін уақытша тас төселетін болды. Ал ауыз су жайы қарашада шешімін таппақ. 

Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары:

– Су Құдай қаласа биыл қараша айында беріледі. Жарық келесі жылы беріледі. Сондықтан келесі жылы біз ұсыныс береміз. Коммуналдық системаның барлығы жүргеннен кейін асфальтқа ұсыныс беріледі. Өйткені көп жерде көріп жатырсыздарғой. Істейді ертесіне труба жүргізеді. Асфальттың бәрі жарамай қалып жатыр. Оны қазір келістік, сөйлестік келесі аптадан бастап осы бұзылған көшелеріңіздің бәрін қалпына келтіру, тас төсеу жұмыстарының барлығы басталады.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының маманы да кешенді схеманы қайта қарап, қоғамдық көлік қатынасын реттейтін жеткізді.  Жұрттың жан айқайына құлақ асқан билік өкілдері барлық мәселе халықтың ыңғайына қарап кезең-кезеңімен реттеледі деп сөз берді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов