Семейдегі жедел жәрдем ауруханасында отыз жылда талай өмір құтқарылды

Егемендік алған 30 жылда елде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша біршама әлеуметтік нысандар бой көтерді. Солардың бірі Семей қалалық жедел жәрдем ауруханасы. Бұл емхана 325 науқасқа арналған. 9 корпустан тұрады. Білікті мамандар мыңдаған адамның өмірін ажалдан арашалады. Мекемедегі гибридті операциялық блок науқасқа бір мезгілде бірнеше операция жасауға мүмкіндік береді.

Нұржан Әлімғазин операциядан кейін енді есін жиып жатыр. 48 жастағы оның жүрегіне шұғыл түрде операция жасалған. Ол қазір өзін өте жақсы сезінеді.

Нұржан Әлімғазин, науқас:

- Кардиология бөлімінің дәрігерлеріне, жалпы барлық медицина қызметкерлеріне үлкен алғыс айтқым келеді бәріне. Жұмыстарыңыз өрге басып жүре берсін. Біздің қаламызда осындай кардиология бөлімі бар екеніне үлкен қуаныштымын мен. 

Семей қалалық жедел жәрдем ауруханасы 8 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Түрлі ауруға шалдыққан науқастарды тәулік бойы қабылдайды. Аурухана ашылғалы бері мұнда 5,5 мың операция жасалды. Соның 107-сі гибридті.

Айбол Маралбаев, Эндовоскулярлы рентген-хирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Гибридті операцияның басты мақсаты – ол өте күрделі және ауыр ауруларға арналған. Гибридті операция негізінде ашық операция және тамырішілік операциямен біріккен кезде гибридті операция деп аталады. Ең басты гибридті операциялар біздің ауруханада ол бас миымен байланысты. Қатерлі ісіктер, біріншіден, сол кезде қан тамыр ішінен жабылады да, екіншіден, ашық түрде қатерлі ісігіміз алынады. Ол науқасқа өте қатты зиян келтірмеу үшін арналған. 

Операциялық блокты ашу үшін бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ол ағзаға түсетін ауыртпалықты азайтып, үақытты үнемді пайдалануға мүмкіндік береді.

Айдар Садырбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл енді жаңағы техника, технологияларды игеру арқылы қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Күрделі операцияларды бұрындары арнайы квотаменен уақыт күтіп, орталыққа, Нұр-Сұлтан, иә болмаса, Алматы қалаларына бару қажеттілігі туындап жатқанда, қазіргі таңда бұның барлығы қашықтықтан, соның ішінде шетелдік мамандарды тарту арқылы жергілікті жерде, өз мамандарымыздың қолымен іске асуда. 

Бұл аурухана 325 науқасқа арналған және 9 корпустан тұрады. Мұнда медицина қызметкерлерінің біліктілігіне үлкен мән беріледі. Сол себепті дәрігерлер Еуропаның ең үздік клиникаларына барып, біліктілігін арттырып қайтады.

Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов