Қару-жарақ тапсырғандарға 91 млн теңге төленді

«Қару» акциясы аясында мыңға жуық азамат полицияға өз еркімен 1400 қару-жарақ тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға 91 млн теңге төленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Вице-министр Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, ішкі істер органдарына қатысты 40 мемлекеттік қызметтің 38-і автоматтандырылған. Қазір ел аумағында 625 мыңнан астам бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Олардың көмегімен биыл жыл басынан республика бойынша 10 мыңдай қылмыс ашылды. Ал жолдарға 13 мыңнан астам камера орнатылған. Сондай ақ биыл ең қауіпті деген 29 мекеме 13 мыңға тарта камерамен қамтылды.

Сәкен Сәрсенов, ҚР ішкі істер министрінің орынбасары:

– Менің байқағаным, азаматтарымыз қызметтерді онлайн түрде алуды ұнатады. Мысалы, осы жылдың ішінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 500 мыңнан астам адам тіркелсе, портал арқылы 800 мыңнан астам адам тіркелген.

Ақпараттық жүйелерді біріктірудің арқасында мемлекеттік органдар көптеген құжаттарды базадан ала алады.

Естеріңізде болса, 2019 жылға дейін жылда 10-нан 15 миллионға дейін мекенжай анықтамалары берілетін. Енді электронды үкімет порталынан мәліметтерді азаматтарымыз өздері тексере алады.