Елімізде адамның жүзін тану жүйесі енгізілуі мүмкін бе?

Жалпы бейнебақылау камералары арқылы адамның жүзін тану технологиясы Америка Құрама Штаттарында, Қытай Халық Республикасында, Оңтүстік Кореяда және Ұлыбританияда дамып келе жатқаны белгілі. Ендеше биометриялық сәйкестендіру әдісі жақын арада Қазақстанға келуі мүмкін бе?

Ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсеновтың бұл сауалға берген жауабы мынадай.

Сәкен Сәрсенов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

– Биометриялық деректер туралы айтар болсақ, бұл бастама әлі талқыланып жатыр. Нақты шешім қабылданған жоқ. Ішкі істер органдарында мұндай жобалар енгізілген емес. Бірақ дамыған елдер бұл бағытта қарқынды жұмыс істеп жатқанын байқай аламыз. Тың технология арқылы қылмыскерді және оның орналасқан жерін тез анықтауға болады.

Ішкі істер министрлігі мұндай технологияның қажет/қажет еместігін талқылап жатқанда кейбір отандық тәуелсіз IT компаниялар бұл бағыттағы бірқатар жобасын сынақтан сәтті өткізіп келеді. Мәселен, адамның жүзін тануға арналған мына жүйені алдау оңай емес. Алгоритм бастың формасы мен бет кескінінің алдын-ала белгіленген өлшемдері бойынша жұмыс істейді. Бағдарламаны авторлары жұмыс орнында өздері мен әріптестері үшін қолданады.

Досжан Ережепов, жобаны әзірлеуші:

– Біріншіден бейне, адамның бейнесі басқа жануарлардан, мысалы маймыл, иттермен шатыстырмас үшін бейне алынады. Кейіннен бетте цифрлық нүктелер қойылады. Сол цифрлық нүктелер арқылы бір-бірімен салыстырады. Көздің, мұрынның ара қашықтығы, қас-қабақ бәрі математикалық модельге салынып нүктелер қойылады. Базада сол нүкте ретінде сақталады.

Яғни камера алдындағы адам басын төмен түсірсе де, басқа жаққа бұрса да, көзілдірік тақса да, шаш үлгісі мен мимикасын өзгертіп немесе басын капюшонмен бүркеп, бетіне бояу жақса да жүйені алдай алмайды. Тіпті, керек десеңіз, ақылды жүйе бір-бірінен аумай қалған егіздерді де танып қояды, дейді жобаны әзірлеушілер.

Сейілбек Мықтыбеков, жоба авторы:

– Біз ойлап тапқан жүйе адамның жүзін 7 метр қашықтан анықтап береді. Бетпердені қара көзілдірікпен бірге тағып, басына бас киім киген адамды да танып қояды. Осының арқасында жұмыс орнымызға кіру процесін автоматтандырдық. Барлық қызметкердің фотосуретін деректер базасына енгіздік. Тіпті олардың денсаулық статусын көре аламыз. QR-кодты қолдану міндетті емес. Жүйелер өзара интеграцияланған.

Отандық озық технологияны ойлап табуға 10-нан астам IT маман атсалысып, 2 жыл уақытын жұмсаған. Тың жүйе осы апта соңында өтетін арнайы халықаралық көрмеде ресми түрде таныстырылады. Көрермен назарына ұсынылып қана қоймай, сатылымға да шығарылуы мүмкін. Ал оны кім немесе қай ведомство сатып алады? Мұны кейін біле жатармыз.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ербол Даиров

Сондай-ақ...