Домофонға абоненттік төлем төлемесе бола ма?

Есігіңізге домофон қойып, ол үшін ай сайын ақы төлеп жүрсіз бе? Елдегі қызмет көрсетуші компаниялар осы үшін төлем алып, қыруар ақша табады. Үлкен қалаларда ай сайынғы абоненттік төлем мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл қаншалықты заңды? Одан бас тартуға бола ма?

Ақтаулықтар өткен айдан бері домофон компанияларының қызметі үшін төлемейді. Жергілікті монополияға қарсы ведомство осындай шешім қабылдады. Алайда қалада қызмет көрсететін 5 мекеме қарсылық танытып, мәселені сот арқылы шешпекші. 

Бауыржан Серікұлы, Маңғыстау облысы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департамент басшысы:

- Домофон орнататын компаниялар тұтынушыларды адастырып, жоқ жерден пайда табуды көздеген. Оларды үйге орнату сплит жүйе қондырумен бірдей. Құрылғы бұзылған жағдайда қызмет көрсетуші компания жөндеп, нақты жасалған жұмысқа ғана ақы сұрай алады. Яғни коммуналдық кәсіпорын сияқты абоненттен ай сайын төлем алуға құқы жоқ.  

Қарағандыдағы домофон компанияларының қызметі де жергілікті әкімдіктің көңілінен шықпай тұр. Қала басшысы Ермағанбет Бөлекбаевтың пікірінше, кәсіпкерлердің тұрғындардан ай сайын абоненттік төлем алуға құқығы жоқ. Яғни тұрғындар мен аталған қызмет көрсетуші компаниялардың арасындағы есеп -  домофон орнатылғаннан кейін толық тоқтауы керек. Ал хабарлағыш құрылғы істен шыққан жағдайда оны бір реттік төлеммен жөндетуге болады.

Ермағанбет Бөлекбаев, қала әкімі:

- Егер ол сенің ақшаңа қойылса, бәрі сатылып алынған болса, абоненттік.төлем дұрыс емес. Бұл жерде халыққа түсіндіріп айтып жатырмыз. Бұл жерде халық пен домофон компанияның қатысы ғой, бірақ шындық керек енді. Егер төлегің келмесе онда төлеме. Ал, егер домофон сынып қалса, онда мастер шақыртта, жөндет әрі қарай істей береді.

Ал елордалық тұрғын үйлердің бірін басқарып отырған Александр Кильдің ойынша, бұл төлемнен бас тартуға болмайды. Ақысын алмаған домофон компаниялары біраздан кейін жабылып қалады. Салдарынан тұрғындар жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда жүгінетін жер таппай қалады. Сондай-ақ есікті ашатын кілт те істемей, тұрғындар үйіне кіре алмайды.

Александр Киль, тұрғын үйді басқаратын компанияның басшысы:

- Төлесеңіз де, төлемесеңіз де, өзіңіз білесіз. Әркім домофон компаниясымен жасалған шартты бұзуға құқылы. Бірақ ертең ол бұзылып қалса, ешкім келіп оны жөндеп бермейтінін ескерген жөн. Пәтер иелері оған бөлек ақша жинауға мәжбүр болады. Тұрғындар есікке ұқыпты емес. Көшіп жатқанда ұзақ уақытқа ашық қалдырып кетеді. Сонда есік қисаяды. Оны да домофон компаниялары жөндейді. 

Әдетте домофонды орнатқан компания сол тұрғын үйге қызмет көрсетеді. Тараптар арасындағы шарт кемінде 1 жылға жасалады. Ал, шын мәнісінде азаматтар өздері қызмет көрсететін мекемені таңдай алады.

Архат Сыздықов, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бас маманы:

- Компания домофонды орнатқаннан кейін тұрғындарды өз қызметін қолдануға міндеттемеу керек. Әркім қызмет көрсететін мекемені өзі таңдауға құқылы. Ал, тұтынушы ақысын 2-3 ай бойы төлемесе, компания оның домофонды қолдануына тосқауыл қояды. Бұл заңға қайшы.

Жақын арада бірқатар өңірде осы мәселеге қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады.  Оны шешу үшін тараптар ортақ мәмілеге келу керек. Кез келген үйдің тұрғындары өзіне қажетсіз қызметтен бас тартып, керек болса сотқа да жүгіне алатынын білуге тиіс.

Дариға Ташенова, Динара Нұрғалиева, Дәуренбек Бағдәулет, Аят Дүйсенбаев