Ақтауда жеделсатыларға қызмет көрсету қызметі бәселекестік ортаға берілетін болды

Қаладағы көп қабатты үйлерде 388 жеделсаты бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір тек 260-ы жұмыс істейді. Ал олардың күтіміне 10 жылдан астам уақыт жалғыз компания жауапты болып келген. Кезінде шаһар әкімдігінің қарауына берілген жедел сатыларды тек осы мекеменің жөндеп отырғаны анықталды. Аймақтың монополияға қарсы департаменті қала билігінен мұндай заңбұзушылықты дереу тоқтатуды талап етті.

Көп қабатты үйлерде 2 жедел сатыдан бар. Көп жағдайда тек біреуі жұмыс жасайды. Дені шетелдік үлгідегі лифтілермен жаңаланды. Оларды қолдану үшін смарт-карта керек. Тұрғындар 100 рет мініп-түсуі үшін айына 1300 теңге төлейді. Бір үйде бірнеше адам болса, әрқайсысы бөлек карта сатып алады.

Жаңыл Айтмұқанова, қала тұрғыны:

- Картасы үнемі блокқа түсіп қалады. Тұрып қалады, ішінде қалып қоямыз арасында. Үнемі бұзылып тұрады. Оның үстіне картасы қымбаттап кетті. Оны толтыру үшін 4-шағын ауданға, болмаса 16-шағын ауданға баруымыз керек.

Марина Иванова, қала тұрғыны:

- Картаға баланс толтыру үшін таксиге 800 теңге төлеп барып-келеміз. Мен секілді зейнеткерлерге жолақы да әжептеуір шығын. Төлем қабылдау кассалары әр шағын ауданда болу керек.

Әкімдік өкілінің айтуынша, жедел сатыларға қызмет көрсетуші компаниямен арадағы келісімшарт 1 жыл мерзімге жасалады. Келер қаңтардан бастап пәтер иелері кооперативтеріне не мүлік иелері қауымдастықтарына өткізу жоспарға қойылған.

Әнуар Тұяқов, Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- «Ақтаулифт» деген мекемеге беріліп, келісімшарт бойынша жылдың соңына дейін жұмысын атқарады. Қазіргі таңда КСК, ОСИ мекемелеріне беріп, өздері әрі қарай күтіп ұстауына жұмыстар атқарылып жатқанын қаперіңізге саламыз.

Биыл аймақтық монополияға қарсы департамент жанынан нарыққа кіру кедергілерін анықтап, мәселелерді шешумен айналысатын кеңес құрылды. Олар жедел сатылар мәселесін де бірнеше рет көтеріп, жан-жақты талдау жасапты.

Мөлдір Сарыева, ҚР Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігі өңірлік департаментінің бөлім басшысы:

Осы іс-әрекеттердің салдарынан нарыққа өзге кәсіпкерлердің кіруіне кедергілер туындаған. Және де бәсекелестік мүлдем жойылып кеткен деуге де болады. Бұл лифтілер тұрғындардың мүлкі болуы керек қолданыстағы заңнамаларға сәйкес. Департамент тарапынан Ақтау қаласы әкімдігіне нұсқама түріндегі монополияға қарсы ден қою актісі енгізілді.

Ресми жолданған нұсқаманы шаһар билігі орындады. Енді бұл салада бизнес ашуға кедергі жоқ. Бәсекелестік бар жерде кез келген жұмыстың сапалы жасалатыны сөзсіз.

Айта кетейік, осыдан 2 ай бұрын 17 шағын ауданда адам толы лифт 1 қабаттан жертөлеге құлады. Абырой болғанда зардап шеккендер болған жоқ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев