Қостанай облысында белгісіз дерттен мал қырылып қалды

Қостанай облысында белгісіз дерттен мал қырылды. Жергілікті биліктен қайыр болмаған соң Қарақоға ауылының тұрғындары жараланған сиырлардың видеосы мен фотосуретін редакциямызға жолдады.

Әзірге өлген малға нақты диагноз қойылмаған. Кейбір шаруашылықтарда 400-дей бас-стоматит ауруына шалдыққаны белгілі болды. Бұл жағдайдан ветеринария саласының мамандары хабардар. Тұрғындар індетті дер кезінде ауыздықтамаған жергілікті органдардың сылбыр жұмысына наразы.

Нұрсұлтан Садық, Қарақоға ауылының тұрғыны:

– Төрт бас сиыр өлді. Енді төртеуі ауырып тұр. Жангелдин ауданының ветеринарлары үш күннен кейін бірақ келді. Мал өліп жатқанда келмеді. Екі-үш күннен кейін малыңды жина, жаппай құтыруға егеміз дейді. Бірақ ешқандай сынама зертханаға зат алған жоқ.

Бауыржан Бекет, Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

– Олар жеке орналасқаннан кейін малын ара-тұра қарайтын болған. Содан малын жинатқан ғой. Малшылар төрт малдың өлгенін сол кезде анықтаған. Көп жатып қалғандықтан олар материал алуға жарамайды. Аталған ауылдық округте стоматиттің белгілері бар. Ем-дом жасалғаннан кейін, екі рет укол салғаннан кейін үшінші, төртінші күнге қарай жазылып кетіп жатыр. Бірақ мал арасында шығын жоқ.