Петропавлдық кейуана желі жұлдызына айналды  

Солтүстік қазақстандық кейуана ойламаған жерден әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. 73 жастағы Валентина Золотарёва «Тик Ток» желісіне түрлі бейнероликтар жүктеп, әп-сәтте танымал болды. Қазір оның парақшасына мыңдаған адам жазылады екен.

Солтүстік қазақстандық Валентина Золотарёваның қазір 127 мың оқырманы бар. Күніне оған мыңдаған адам тіркеледі. Зейнеткер көбіне интернетте қыз-келіншектерге түрлі кеңестерін айтады.

«Тик Ток» қолданушыларын таң қалдыру оңай емес. Дегенмен жүктеген видеолары пайдалы болғандықтап көптің көңілінен шықты. Яғни, роликтері аз ғана уақытта желіде желдей есіп, миллиондаған қаралыммен мыңдаған лайк жинайды.

Валентина Золотарёва, қала тұрғыны:

– Алғашында күлкілі видеолар түсірген едім. Бірақ ол жұртқа ұнамады. Ойлана келе деніміз сау, сұлу болу үшін халық рецептері жайлы роликтер түсіріп, жариялай бастадым. Осылайша контентімді қалыптастырдым. Қазір шамамен күніне 3 сағаттай уақытымды интернетке жұмсаймын. Пайдалы кеңестеріме ризашылығын білдіріп жатқандар өте көп.

Қазірдің өзінде желі қолданушысы екі мыңнан астам видео жүктеген. Бастысы бұл ермегі өзіне ұнайды. Болашақта енді зейнеткерлер жайлы түрлі роликтер түсірмек жоспары да бар.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов