Павлодардағы нарколог мамандардың тәжірибесі ресейлік әріптестерін қызықтырып отыр

Нашақорларды жан-жақты емдеу әдісі Уфадағы наркологиялық орталық мамандарын таң қалдырған, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Олар өзара тәжірбие алмасуды ұсынып, ортақ мәселелерді талқыламақ.

Қатаң ережедегі түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан мына бозбаланың айтары көп. Ол есірткі заттарын тарату, сақтау, дайындау сынды қылмысы үшін 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл шырғалаңға әлеуметтік желі арқылы кіріп кетіпті. Есірткі саудасы қызып тұрғанда ақшадан басқаны ойламағанын айтып өкінеді.

жазасын өтеуші:

- Мен жақындарымды бизнес аштым деп алдап келдім. Жеңіл жолмен ақша тауып жатқанымды айтқым келмеді. Ақшаның буымен өзіме есеп бере алмадым. Теріс жолда жүргенімді тек темір торға қамалғанда барып түсіндім. Арты бұлай болатынын ойлаған жоқпын.

Ал мына орталықта психикалық белсенді заттарды пайдаланғандарды оңалтудан өткізеді. Олардың арасында құмар ойындарға, алкогольді ішімдіктерге тәуелділері бар. Павлодардың психикалық денсаулық орталығы талай адамды емдеп қатарға қосты. Наркологтардың сөзіне сүйенсек, есірткіге тәуелді адамдардың нақты саны ресми мәліметтерден әлдеқайда көп. Олар осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда арнайы зерттеу жүргізіпті.

Гүлмира Сәдуақасова, психиатр-нарколог дәрігер:

- 2021 жылы біз бұл тізімді жариялауға мүмкіндік алдық. Сауалнамаға 13-тен 24 жасқа дейінгі азаматтар қатысты. Олардың 1,6 процентінің есірткіге қатысы бар болып шықты. Егер осы санды Қазақстан халқының жан басына шаққан болсақ есірткіге тәуелділердің саны өте көп. Шамамен 40 мыңдай адамның есірткімен байланысы бар деп айта аламыз.

Павлодардың психикалық денсаулық орталығында емдеу үш кезеңнен тұрады. Ең басты бағыт ол нашақорлықтан арылтып, науқастың қоғамға қайта оралуын қамтамасыз ету. Бұл іспен «Асар» әлеуметтік бейімдеу орталығы айналысады. Мекеме табиғаты керім Ертіс өзенінің жағасында орын тепкен.

Мәди Тоқанов, аға дәрігер:

- Өкінішке қарай өз өңірлеріне барғанда осы жердегідей кәсіби көмек ала алмайды. Аймақтарда кадрлық ресурстар жетіспейді. Психологтар, кеңесшілер жоқ. Сондықтан науқастардың көбі осы Павлодарда қалады. Орталықта оларға көмектер тегін көрсетіледі.

Орталықтың көмегіне зәру науқастардың бірі - Алексей. Ол үйіне кетуге асықпайды. Өйткені өз өзіне сенімсіз. Еңбекпен емдеудің тиімділігі жоғары дейді ол.

Алексей, емделуші:

- Мен сияқты тәуелді адамдар бұл жерде жан-жақты қолдауға ие болады. Қоғамнан өз орныңды тауып, әрі қалай дамуың үшін көп жұмыс істеуге тура келеді. Мен бұл жерге қайтып оралмас үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Біздің жағдайда ең басты мәселе ол өзіңді жеңіп, даму жолына түсу. Бір орында қалуға болмайды.

Орталықтың озық тәжірибесіне Ресейдің наркологтары қызығушылық танытып отыр. Өз елдерінде енгізуге әзір. Жалпы, Қазақстанда психикалық тәуелділікті емдеуге мемлекет тарапынан қолдау бар. Соған қарамастан жағдай ушығып барады. Соңғы кезде жасанды есірткі ұғымы пайда болды. Бұл індеттің алдында отандық дәрігерлер дәрменсіз көрінеді. Сондықтан ресейлік наркологтардың тәжірибесіне жүгінуге тура келеді.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков