Шардараның балығы брендке айналуы мүмкін

Шардарада балық өнімдерінің экспорты артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Биыл өндірілген 3 мың тонна балықтың 2600 тоннасы алыс-жақын шет елдерге сатылды. Қазір өңірде балық шаруашылығымен айналысатын 5 зауыт сырт елдермен тығыз байланыс орнатып, тұрақты тапсырыс қабылдап жатыр. Қазір Шардара Түркістан облысы ғана емес, еліміздің біраз өңірін балық өнімдерімен қамтып отыр. Аудандағы бір ғана мына зауыт жылына 2600 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Мұнда қос бірдей желі жұмыс істейді. Балық еті сүйегінен сылып алынады. Тіпті қалдығынан ұн шығарылады. Тиімділігі сол, шикізат қалдықсыз өңделеді. Кәсіпорында 250-ге тарта адам жұмыс істейді.

Айгүл Күрленова, жұмысшы:

– Айлығымыз 150-140 мыңдай, істеген жұмысымызға қарай аламыз. Мынадай балықты кесіп, кептіріп, дайын өнім дайындап береміз.

Ауданда 5 балық өңдеу зауыты бар. Олар жылына 4 мың тоннаға жуық өнім өндіреді. Ал дайын өнімнің 20 пайызы отандық нарыққа шығарылса, қалғаны шекара асады.

Таңатар Есенбаев, технолог:

– Бұл жерде 9 түрлі балық өңдеп шығарамыз. Шетелдерге экспортқа шығарып жатырмыз. Германия, Ресей, Израиль, Америка тағы басқа елдерге экспорттаймыз.

Зауыт Көксерке мен Алабұғаның таза етін экспорттайды. Қақталған Қаракөз бен Табанға да сұраныс жоғары. Сондықтан өндіріс басшылығы балық шабағын Қарағандыдан тасымалдап, оны қолдан өсіреді. Мұндағы жасанды көлден жылына 350 тонна су жәндігі алынады. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Сондықтан болар, кейінгі жылдары балық шаруашылығына қызығушылық артып отыр.

Өмірбек Рүстемов, Шардара аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Балықшыларға мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша несиелендіру, инфрақұрылым жеткізу бағытында қолдаулар жасалған. Сонымен қатар балық өсіру жобалары да қолға алынуда. Оларға да несиелендіру, субсидиялау қарастырылып, бөлініп жатыр.

Қазір ауданда балық шаруашылығымен айналысатын тұғындарға жер учаскесі бөлініп жатыр. Енді субсидиялау көлемі ұлғайтылмақ. Соның нәтижесінде балық өсіретін шаруашылықтар мен экспорт көлемі артады. Осылайша дайын өнімнің жылдық көлемін 10 мың тоннаға жеткізу жопарланған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш